Облыстың және Қостанай қаласының құрметті азаматтары марапатталды

Облыстың және Қостанай қаласының құрметті азаматтары марапатталды

Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов қала тұрғындарын қала күні мерекесімен құттықтады.

“Кең байтақ астық өлкесі төрінен орын алған Тобыл-Торғайдың  бас шаһары  тарлан азаматтарды түлеткен касиетті мекен, Алаш қайраткерлерінің, ұлт зиялыларының ізі қалған жер. Тарихы тереңде жатқан Қостанайдың бүгінде әлеуеті артып, экономикасы өрістеген, мәдени рухани байлығы кемелденіп, келбеті көркеюде. Бұл сіздердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өмірлеріңіз бен жасампаз еңбектеріңіздің нәтижесі”, – деп атап өтті өңір басшысы.

Елімізде ғана емес алыс шетелдерде танымал болған кәсіпорындардың қаламызда бой көтеріп, экономикасына үлес қосқан бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатқанын тілге тиек етті.

“Қостанай қарқынды құрылыс алаңына айналады. Күннен күнге қанатын жайып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалуда. Облыс орталығы жылдан-жылға көркейіп, жаңа нысандар, демалыс аймақтары, көрікті жерлер пайда болды”, – деді әкім.

Бұдан кейін өңіріміздің дамуына үлес қосып келе жатқан үш азаматқа Қостанай облысының құрметті азаматы атағы табысталды.

Сол танымал қайраткерлердің бірі – Шамиль Фахрутдинов. Ол 35 жыл “Карнавал” би ансамблінің жетекшісі болған. Еліміздің түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп жүрген ұжымнан бір талай өнер жұлдыздары түлеп ұшқанын білеміз.

Оразақ Смағұлов болса, ғылым саласына елеулі үлес қосты. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. Академияның корреспондент мүшесі. Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. ҚР еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры.

Иван Гаранин Кеңес одағының еңбек сіңірген спортшысы. Шаңғышы, олимпиада жүлдегері. Халықаралық шаңғышылар қауымдастығының үздігі. Рудный қаласының құрметті азаматы.

 

Қаламыздың дамуына еңбегі сіңген қос азаматына Қостанай қаласының құрметті азаматы атағы табысталды.

Солардың бірі Иван Янцен. Ол білікті акушер-гинеколог. Осы саланың бас координаторы ретінде қырық жылға жуық еңбек етіп келеді. Халықаралық дәрежедегі талқаланып жүрген ғылыми еңбектердің авторы.

“Тобыл” футбол клубының жұлдызы Нұрбол Жұмасқалиев те осы атаққа әбден лайықты. Нұрбол команда капитаны ретінде 8 дүркін чемпионат жүлдегері болды. 526 ойында 167 гол соғуымен ерекшеленді. Интертото кубогының жеңімпазы атанды.

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу