Дүниежүзілік Нан күніне арналған тоқаш өнімдерінің көрмесіне ас атасын қадірлеген қостанайлық ағайынның арасында бұйымтайымен келгендер де болды.
Солардың бірі – “Солнечный” сауда үйінің жанындағы “Солнечная кухня” наубайханасының өкілдері.
Бүгінде онда ұн өнімдерінің сексен түрі өндіріледі. Таза бидайдан жасалатын денсаулыққа пайдалы өнімдері де бар.
Бүгінде қазақ дәстүрін ардақтап бауырсақ пісіре бастаған. Арнайы салтанатты мерекелерге тапсырыспен каравайдың сан алуанын ұсынады.
“Біздің ең үлкен ассортиментіміз “Апельсин” сауда үйінде сатылады. Өкінішке қарай сатып алушылардың дені ол жаққа бара алмай жатыр.Осыған байланысты қала әкімдігінің назарын аудартсақ дейміз. Сол жерге маршрут жіберсе жақсы болар еді”, – дейді өндіріс орнының меңгерушісі Анжела Калаева.
Ал Қостанайдағы 15 – ші дүкенінің жанынан ашылған наубайхана жиырма жылдан артық жұмыс істеп келеді.
Сол жердегі халық ұн өнімдерінің кең ассортиментін тұтынып жүргенін ел біледі. Осы көрмеге де батон мен тоқаштың әр түрін әкеліпті. Сатушысы Күлмаш Орманованың айтуынша, мәселен батонның жиырмаға жуық түрі өндіріледі.
“Бұл жерге көп заттарымызды таси алмадық. Өнімдеріміз арзан әрі дәмді. Тұтынушылар өздері арнайы тапсырыс беріп алып кететін кездері болады. Қазірдің өзінде қаншама тапсырыс алдым”, – дейді Күлмаш сатушы.
Қалада ең мол өнім өндіретін нан зауытының өкілдері де жәрмеңкенің ортасынан ойып тұрып орын алғанын көзіміз шалды.
Зауыт қызметкері Кристина Ломанова жуырда өнімнің жаңа түрлерін ұсынғалы жүргенін айтып қалды.
“Бізде ұн өнімдерінің елуден астам ассортиментін шығарылады. Олардың арасында “Бородин” нандары үлкен сұранысқа ие. Арнайы қалыпта пісетін қостанай бөлкесі де өтімді”, – дейді Кристина ханым.
Облыстық дін істері басқармасы бұл рухани апталықты үшінші күн өткізіп жатқанын айта кетейік.
Басқарма басқа да мекеме, діни бірлестіктермен бірлесіп, қазақтың дәстүріне қатысты әртүрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастыруды қолға алды.
Соның бірі дүниежүзілік нан күніне арналған осы тоқаш өнімдерінің көрмесі болатын.
“Бұл арқылы біз Қазақстанда тұрып жатқан ұлт пен ұлыстардың өнімдерін көрсеткіміз келді. Жалпы қай халықтың болмасын, дастарханын жайған кездегі басты тағамы нан. Ол арқылы бірлік пен берекені көрсете алады. Көрмеге қатысып отырған Қостанайдың он наубайханасы қатысып, өнімдерін өзіндік құнымен ұсынды”, – дейді басқарма басшысы Ерлан Қалмақов.
Ахаң атындағы Қостанай өңірлік университетінің ұстазы Рүстем Бейішев Бұл игі бастаманың бүгінгі қоғамға таптырмас тәрбие құралы екенін айтады.
“Ата-бабамыз нанды қашанда қастерлеп, жоғары қойған. Нанның өзіңдік қасиеті бар деп қадірлеген. Берекенің белгісі ретінде нан бар жерде ән бар екенін айтып кеткен. Келер ұрпаққа осы игі бастаманы жылма-жыл түсіндіру керек.Бүгінгі қоғамға бұл нағыз керек дүние”, – дейді Рүстем ұстаз.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсіргендер – Ерасыл Талғатов, Бағдат Ахметбеков