Қостанайда мемлекеттік қызметкерлер байқауы өтті

Қостанайда мемлекеттік қызметкерлер байқауы өтті

Бұл байқаудың ауқымы жылдан жылға өсіп келеді. Биыл Қазақстан Республикасының Конституция күніне орайластырылды. Облыстың әр өңірінен 15 команда қатысып, олардың құрамында жалпы 45 қатысушы бақ сынады.

Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Бейбітұлы і-шараның маңыздылығын атап өтті.

“Басты мақсатымыз – мемлекеттік тілдің беделін көтеру, дамыту, және оны кеңінен қолдану”, – деді Мэлс Бейбітұлы.

Қостанай аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Аягөз Қайратқызы бұл байқауға алғаш рет қатысып отыр.

“Мен үшін бұл жаңа тәжірибе болды. Осындай іс-шаралардың арқасында мемлекеттік тіл өсіп, көркейіп келе жатыр. Бұл байқауға қатысу арқылы мен өз білімімді жетілдіріп, жаңа достар таптым”, – дейді ол.

Рудный қаласынан келген мемлекеттік Мақсат Қожахмет дайындықтарының жоғары деңгейде болғанын айтты.

“Бұған дейін де осындай байқауларға қатысқанмын, бірақ бүгін біз ерекше нөмір көрсетеміз. Командамыздың дайындық деңгейі өте жақсы”, – деді сахнаға шығар алдында.

Байқау төрт кезеңнен тұрғанын айта кетейік. “Тұсаукесер” кезеңде командалар өздерін таныстырып, мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді қалай қолданатындарын көрсетті.

 

Келесі кезең “Жер-судың аты – тарихтың хаты” деп аталды.  Қатысушылар берілген суреттер бойынша өңірлердің тарихи деректерін айтып беруі керек болды.

“Конституцияны білесіз бе?” кезеңінде командалар Қазақстан Конституциясына қатысты сұрақтарға жауап берді. Шығармашылық кезеңде – командалар өзекті тақырыпта өлең оқып, ән айтып немесе қойылым көрсетіп, өз өнерлерін ортаға салды.

Тоты Әбдібекқызының осы салада жүргеніне бірнеше жыл болды. Бүгінде “ТілДарын” облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы. Орталық жетекшісі   байқаудың мақсаты мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру екенін атап өтті.

“Бұл дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шарада жыл сайын қатысушылардың ынтасы мен біліктілігі артып келеді”, – дейді Тоты Әбдібекқызы.

Жеңімпаздар Әділқазылар құрамында жоғары оқу орындарының профессорлары мен мемлекеттік қызмет ардагерлері болды.

Байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынды Әулиекөл командасы иеленіп, 20 мың теңге көлемінде “Технодом” сертификаты мен мәдениет басқармасының дипломымен марапатталды.

Екінші орынға Науырзым тобы ие болып, 15 мың теңге сыйақы алды.

Үшінші орын Лисаков командасына бұйырып, 10 мың теңге және ынталандыру сыйлықтарына ие болды

                                                                                                Ділназ Сантайқызы

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков 

Жаңалықтармен бөлісу