28 мая, 2025
Қостанайда мамандар қан тапсырды

Қостанайда мамандар қан тапсырды

Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, елімізде жыл сайын 220 мыңнан астам азамат қан және түрлі жасушаларын ерікті түрде тапсырады. Нәтижесінде 285 мыңға жуық донация жасалып, 193 мың литрге жуық қан өңделіп, сақтауға жарамды күйге келтіріледі.

Қостанай өңірі бұл көрсеткіштен қалыс қалып отырған жоқ – мұнда жыл сайын шамамен 15 мың адам донор ретінде қан тапсырады. Солардың қатарында мемлекеттік қызметшілер де бар.

Қан тапсыруды өмірлік дағдысына айналдырған азаматтардың бірі – Қостанай облыстық Әділет департаментінің бас маманы Абылай Дәрке. Оның айтуынша, бұл – тек игі іс емес, денсаулыққа да пайдалы әдет.

— Донор болу мен үшін – күнделікті тірліктегі жауапкершіліктің бір көрінісі. Алғаш рет студент кезде тапсырдым. Содан бері 20 жылдан астам уақыт бойы қан тапсырып келемін. Бұл – біреуге өмір сыйлаудың, көмектесудің нақты жолы. Әрі адамның өз ағзасына да жағымды әсер етеді, – дейді Абылай Дәрке.

Дәрігерлердің сөзіне сенсек, бір реттік донация үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Ал қан тапсыруға ниетті әрбір азаматтың белгілі бір талаптарға сай болуы шарт. Бұл туралы Қостанай облыстық қан орталығының директоры Манарбек Ахметов айтып өтті.

— Қанды кезкелген адам тапсыра бермейді. Тапсырушы адамның салмағы 50 кг-дан төмен болса, 18-60 жас аралығында болмаса тапсыра алмайды. Сонымен қатар ескеретін маңызды нәрсе түрлі аурумен тіркеуден тұрмаған болуы керек, – дейді Манарбек Ахметов.

Мамандардың айтуынша, қан тапсыру адамның ағзасындағы қан айналымын жақсартып, иммунитетті күшейтеді. Сондықтан бұл – өз денсаулығына да қамқорлық. Ал мұндай сауапты іске белсенді атсалысып жүрген мемлекеттік қызметкерлер өзгелерге үлгі болуда.

Айбол ӨМІРТАЙ,
ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенті