Қостанай облысындағы жиһаз өндірісі саласына жаңа кәсіпорын қосылды. Толық қуатына енді ғана көшті демесеңіз, қазірдің өзінде ел нарығындағы ірі «ойыншыларды» ығыстыра бастаған. Сапалы өніміне сұраныс сәт санап артып келеді. Облыс орталығынан орын тепкен «КІRA» компаниясы әлеуметке әлеуетін таныстырды.
Жалпы аумағы 12 мың шаршы метрді алып жатқан өндіріс орнын елдегі ең ірі жиһаз кластері дей беруге болады. Енді ғана аяқтан тұрып жатса да қарқыны мен ауқымы жедел ұлғайып келе жатыр. Кәсіпорын құрылысы 2023-2025 жылдары тоқтаусыз жүрді.
Бұған мемлекет қолдауының ықпалы зор. «Даму» қорының демеуімен «Өрлеу» бағдарламасы арқылы «Халық банк» 1,5 млрд теңгемен қаржыландырған. Қазақстанда ғана емес, ТМД көлемінде баламасы жоқ заманауи құрылғылар сатып алынып, автоматты қондырғылар орнатылып, таяуда ғана толық қуатымен іске қосылып отыр.


Жаңа кәсіпорынның таныстырылымына өңір басшысы Құмар Ақсақалов және облыстық басқармалардың , «Даму» қорының жергілікті филиалы өкілдері, мердігер ұйымдар, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері қатысты. Тұтас облыстың қажеттілігін жаба алатын, сапа жөнінен Қазақстанда көшбасшылар қатарынан көрінуге қауқарлы компанияның қазіргі жай-күйі мен болашақ әлеуеті кеңінен таныстырылды.

«Қазір кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істеп тұр. Мұнда екі негізгі және төрт қосымша цех, оған қоса қоймамыз бар. Біз сериялы коррустық жиһаз және MDF қасбет өндіреміз. Сондай-ақ коммерциялық қызметтер де қарастырылған. Қазақстан және Ресей нарығына шығамыз. Астана мен Алматыда филиалымыз, Ақтөбе, Орал, Көкшетауда қоймаларымыз бар. Олардың қатары көбейе түседі», – деп ақпарат берді компания басшысы Қайрат Игіліков.
Цех жұмысы былтыр біртіндеп басталып, бүгінге дейін әжептәуір нәтижеге жеткенін байқауға болады. Осы бастан өнімдері елдегі құрылыс компанияларының жоғары бағасын алып, қыруарымен тұрақты байланыс орнатып үлгерген. Оның себебі, цех басшысының айтуынша, қазір Қазақстанда сапасы берік материал шығаратын нақ осы «КІRA» сияқты өндіріс орны жоқтың қасы. Демек, бәсекелес те жоқ, ал ел нарығы үлкен. 2025 жылы толық қуатына көшпесе де өнімді жұмыс істегенінің тағы бір айғағы – компания былтыр 300 млн теңге салық төлеген.


Негізгі таныстырылымнан соң Қайрат Игіліков көпшілікті соңына ертіп, әрбір цехты аралатып, қызу жүріп жатқан жұмысын егжей-тегжейлі таныстырды. 
Мұнда қолға оңайлықпен түсе қоймайтын соңғы үлгідегі автоматтандырылған құрылғылардың түр-түрі бар. Қол еңбегін бірнеше есе жеңілдететін, өзге өңір жиһазшыларының түсіне ғана кіретін шетелдің өнертабысын осы жерден көруге болады екен. Құрықты ұзартып, көптеген мәселеден арылтқан қаптау желісінің де жұмысын бағалады көпшілік. Жеке тапсырыс орындау цехы, МДФ қасбет және сериялы жиһаз цехы, сондай-ақ фурнитура және автоматтандырылған қаптау қоймасы көрсетілді. Облыс әкімі кәсіпорын қызметін жоғары бағалады.

«Мемлекет басшысы қойған маңызды міндеттердің бірі – елдің экономикалық әлеуетін нығайту. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Жиһаз өндірісі – халықтың өмір сүру сапасына және әлеуметтік сала нысандарының жабдықталу деңгейіне тікелей әсер ететін өңдеу өнеркәсібінің маңызды салаларының бірі. «КІRA» – жас та болса тез дамып келе жатқан компания. Кәсіпкерлікті дамытудың кешенді бағдарламасы аясында субсидиялау тетігін табысты қолданды. Бізге өңір экономикасының әртараптанғаны керек. Оның үстіне жергілікті өндірушілерді қолдауымыз керек. Мәселен, мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан жайлы мектеп, спорт кешендері, денсаулық сақтау нысандары және басқаларына қолдануымыз қажет. Жұмыс алға бассын, болашағына сенеміз», – деді Құмар Ақсақалов.

Компаниядағы бір ғана қолбайлау электр энергиясының жеткіліксіздігі еді. Облыс әкімі бұл мәселе дереу шешілетінін айтты. Цех 500 МВт қуатпен қамтылмақ. Қосымша тағы қажет болып жатса, облыс билігі көмекке келуге қашанда дайын. Ал Қайрат Игіліков қосалқы электр энергиясының арқасында өндіріс жұмысын әлде де жеңілдете түсетін роботтар мен манипуляторлар сатып алуға ниетті. Сондай-ақ өндіріс орнын кеңейтіңкіреу жоспарында барын айтты ол.
«Біз бірер жылда ауқымы 4 мың шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат салып шығуды көздеп отырмыз. Онда металл өңдеу, полимерлік бояу, қасбеттерді сырлау цехтары орналасады. Сол арқылы толықтай жиһаз өндірісі циклін түгендеп алмақпыз. Биыл 2,6 мың шаршы метр аумақтың іргетасын төсейміз. Ал келесі жылы құрылысқа толығымен кірісуді жоспарлап отырмыз», – дейді Қайрат Игіліков.
Қазір өндіріс орнында 120 адам жұмыс істеп жатыр. Орташа жалақы – 433 мың теңге. Ал жұмыскерлердің орташа жасы 32-де. Компания басшылығы студенттерді де тәжірибеге қабылдайды. Қабылдап қана қоймай, алғашқы айынан бастап 280 мың теңге жалақы төлейді. Қолына дипломы тиген жастың көбі әскерге кетіпті. Азаматтық борышты өтеп келісімен осы цехқа оралуға уәделерін де берісіп, келісіп қойған. Елге қайтысымен осында тұрақты жұмысқа орналасып жатса, жалақыларын студент кездегіден екі есе ұлғайтамын деп отыр кәсіпорын иесі.
Ақпарат үшін айта кетейік, өңірде аталған салада 27 шағын бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. Негізгі бағыт – әртүрлі корпустық және кеңсе жиһаздары, пәтер интерьерінің жекелеген элементтері. Былтыр облыс жиһазшылары 5 млрд теңгенің өнімін өндірген. Ал осы жылдың алғашқы тоқсанындағы табыс 1,4 млрд теңгеге тең. Көрсеткіш те, сұраныс та жылма-жыл өсіп келеді.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
