Қостанайда кене шаққан бес адам көмекке жүгінді

Қостанайда кене шаққан бес адам көмекке жүгінді

Ауа райы жылына бастаса болды, табиғаттың тынысы түрленіп, адамдар таза ауаға асығады. Алайда көктемнің көркем келбетімен бірге көзге көрінбейтін қауіп те тіріледі — ол кене.

Кішкентай ғана жәндік, бірақ оның шағуы өмірді түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін.
Кенелердің белсенділігі ауа температурасы мен ылғалдылық сияқты ауа-райына тікелей байланысты. Кенелер орташа тәуліктік температурада +3–5ºС-та белсенді бола бастайды және +15ºС-тан жоғары температурада барынша белсенді болады. Егер көктем ертерек келсе, бұл кенелердің белсенділік маусымының басталуын тездетуі мүмкін.
Биыл кене шағып алуы бойынша медициналық көмекке 5 адам жүгінген, олардың 3-і — балалар. 2024 жылмен салыстырғанда, осындай жағдайлар сәуір айының басында тіркелмеген. Бұл ауа-райының өзгеруі кенелердің белсенділігін арттыратынын көрсетеді.
Қостанай облысында кенелер әдеттегіден бұрын белсенділік танытуда. Бұл — бір қарағанда жай ғана жаңалық секілді. Алайда бұл ата-ананың мазасыздануы, баланың күнделікті серуенінде көрінбейтін қауіппен бетпе-бет келуі, ал кейде — орны толмас қайғы.

«Кене энцефалиті паралич, когнитивті функцияның жоғалуы және ұзақ мерзімді психикалық бұзылулар сияқты ауыр неврологиялық және психиатриялық асқынуларды тудыруы мүмкін. Ауыр жағдайларда ауру өлімге де әкелуі мүмкін. Боррелиоздың ең қауіптісі — неврологиялық бұзылулар. Тіпті аяқ-қолды кесуге дейін апаруы немесе сал болып қалу, сөйлеудің бұлыңғырлануы мүмкін. Сонымен қатар есте сақтау қабілетінің бұзылуы, психикалық ауытқулар мен ұйқының бұзылуы сияқты ауруларға шалдығу қаупін төндіреді», — дейді Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ермұханбет Даулетбаев.

Улы жәндіктен қорғаныс шаралары:
Зиянкес жәндіктерден қорғайтын арнайы құралдарды пайдалану. Табиғатқа, саябаққа немесе саяжайға барар кезде мейлінше жабық киім мен аяқ киім киіп, ашық түсті киім таңдаған жөн. Себебі ашық түсті киімде кене жақсырақ көрінеді. Бас киім міндетті болып табылады, өйткені кенелер бас аймағына да түсуі мүмкін. Орманнан немесе басқа табиғи аймақтардан оралғаннан кейін киім мен денені мұқият қарап, тексеру қажет. Бұл инфекцияның алдын алуға көмектеседі.
Кене энцефалитінің нақты алдын алу жолы — екпе салдыру. Вакцинация кене энцефалитінің табиғи ошақтарында жиі болатын адамдарға ұсынылады. Екпе — аурудың алдын алудың тиімді әдісі.

Жаңалықтармен бөлісу