Қостанайда кәріз жүйелерін қалыпқа келтіруге бөлінген қаржы толық игерілмеген

Қостанайда кәріз жүйелерін қалыпқа келтіруге бөлінген қаржы толық игерілмеген

Қостанайдағы индустрия аймағы, “Қонай” және “Юбилейный” шағын аудандарындағы сумен жабдықтау желісінің 79% және су бұру желісінің 71% тозып тұр. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен жиында “Қостанай-Су” кәсіпорнының басшысы Қазбек Шалабаев айтты.    

Кәсіпорын әбден тозығы жеткен нысандарда 14 жобаны жүзеге асырып жатыр. Жобаларды іске қосуға төрт жыл бұрын енгізілген географиялық ақпарат жүйесі көмегін тигізуде. Жүйе арқылы апат болған орынды дәл табуға болады.

            Бағдарлама су және кәріз құдықтары мен құбырлардың нақты орналасқан жерін, сондай-ақ, бекіту арматурасы, диаметрі мен ұңғыманың тереңдегі туралы ақпаратты ұсына алды. Бұл бағытта 119 млн теңге жұмсалды, – деді Қ.Шалабаев.

Облыс орталығында жауын-шашын кезінде көшелерді су басып жатады. Кәсіпорын нөсерлі кәріз жүйелерінің жұмысын жетілдіруді қолға алған.

            Биыл ТКШ бөлімімен келісім-шарт жасап, 36 учаскеге тексеру жүргіздік. Қазіргі таңда жобалық-құндық құжаттама әзірленді. Ең алғашы 7 шағын аудан, “Шанхай” дүкені аумағына нөсерлі кәріз жүйелерін орнаттық. Келер жылы 33 нысанда орнатуды жоспарлап отырмыз, әзірге іске асыру сомасы нақтылануда, – деді кәсіпорын басшысы.

Қаладағы 423 шақырым жолдың тек 96 шақырымы нөсерлі кәріз жүйесімен қамтылған. Марат Жүндібаев бұл бағыттағы жұмысты атқаруға қомақты қаржы бөлінгенін атап өтті.

            Жұмысты жүйелі түрде шешу қажет. Ол үшін кәсіпорынға биыл 150 млн теңге қаржы бөлдік. Ақша толық игерілмеді. Оның себебі түсінікті, нысандарды зеттеп, зерделеуге уақыт кетті. Шамамен жұмыстың тек 20% жасалды. Десек те нәтижесін көруге болады. Демалыста ПЧСТР көпірінен өттім, су жоқ құрғақ. Бізде “Қостанай-2” ауданына баратын Назарбаев даңғылында үнемі мәселе туындайды. Ол аумақта нөсер кәріз жүйесін салумен айналысып жатырмыз. Келер жылдың көктемінде жоба жүзеге асырылады, – деді М.Жүндібаев.

Мекеме басшысы жаңадан бой көтерген нысандар мен тұрғын үйлерге деректерді қашықтықтан есепке алу құрылғысы орнатылғанын айтады.

            Биыл 20 773 данасы орнатылды, оның ішінде 768 дана кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы есебінен 25,5 млн теңгеге сатып алынды. Барлығы – 132 238 құрылғы, – деді ол.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу