28 июня, 2025
Қостанайда кәмелетке толмаған есірткі курьері бас бостандығынан айырылды

Қостанайда кәмелетке толмаған есірткі курьері бас бостандығынан айырылды

Өткен жылдың күзінде 25 синтетикалық есірткі дозасын алып жүрген жерінен ұсталған 16 жастағы колледж студентіне қатысты айыптау үкімі шығарылды. Жасөспірім қылмыстық желінің қатарына қосылып, есірткі таратумен айналысқан.

Сот оны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.

Қостанай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жастар арасындағы есірткі қаупімен күрес — құқық қорғау органдары жұмысының басты бағыттарының бірі.

Бұл бағыттағы жұмыс педагогтармен, медицина қызметкерлерімен, еріктілермен және белсенді азаматтармен тығыз байланыста жүргізіледі. Жасөспірімдердің есірткі саудасына тартылуын алдын алу және оны ерте анықтау мәселесіне ерекше назар аударылады.

Осы жылдың басынан бері өңір аумағында 400-ден астам есірткіге қарсы іс-шара ұйымдастырылып, оларға 5000-нан астам жасөспірім қатысқан. Полицияның жүйелі жұмысының нәтижесінде шамамен 2,5 кг синтетикалық есірткі — бұл 5000 бір реттік доза — заңсыз айналымға түспей, тәркіленді.

Полиция департаменті ата-аналарды, мұғалімдерді және барлық бейжай қарамайтын азаматтарды жасөспірімдердің мінез-құлқына мұқият болуға, күдік туындаған жағдайда көмек сұрауға шақырады.

Жанайым Балғынбекқызы,

ҚӨУ студенті