Қостанайда ірімшік зауытының құрылысы жүріп жатыр

Қостанайда ірімшік зауытының құрылысы жүріп жатыр

Қостанайда «Милх» компаниясы ірімшік шығаратын зауыт салып жатыр. Құрылысы қараша айында толық аяқталуға тиіс. Болашақ өндіріс орнының қазіргі жай-күйімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып танысты.

Ірімшік зауытының құрылысына 7,2 млрд теңге инвестиция салынған. Өндіріс орыны жылына 2 мың тонна өнім шығаруға қуақарлы болмақ. 35 жаңа жұмыс орны құру көзделіп отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы облыста қайта өңделген сүт өнімдернің үлесін 46-дан 60 пайызға дейін арттырудың мүмкіндігі туады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңделген өнімдер үлесін үш жыл мерзімінде 70% көтеру міндеті қойылып отыр. Осы салада бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру үстіндеміз. Солардың бірі – ірімшік шығаратын зауыт құрылысы. Жобаны «Милх» компаниясы қолға алды. Зауыттың болашағы зор болып, өңір экономикасына өз пайдасын тигізеді деген сенімдеміз, – дейді өңір басшысы.

Бүгінде өндіріс орнының металл қаңқасы еңсе түзеп, цехтің қасбеттері әрленіп қалған. Басқаша айтқанда, негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, едені төселіп, төбесі тұтастай жабылыпты.

Қазір ішкі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Германиядан көп көлемде технологиялық құрылғылар сатып алынды. Зауыт заманауи үлгіде салыну үстінде. Ғимараттың төбесі ашылып-жабылатын болады, – дейді «Милх» ЖШС директоры Сергей Блок. – Бұл зауытта ірімшіктің жобамен жиырма шақты түрін өндіру көзделіп отыр. Өнімдермен ішкі-сыртқы нарықты қамту жоспарымыз бар. Айта кетейік,  компания бүгінде табиғи сүттен жоғары сапалы өнімдердің жүзден астам түрін өндіріп отыр.

Өңір басшысы дәл осы бағытқа жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын, өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобалар қатары көбейіп келе жатқанын тілге тиек етті.

Етті, сүтті және бидайды терең өңдеу секілді болашағы зор бағыттарды ерекше назарға алып отырмыз. Бұл салада өңірдің дамуына үлкен серпін беретін көптеген инвестициялық жобаны қазірден-ақ жүзеге асырып жатырмыз. Агроөнеркәсіп кешеніне инвесторлар тарту жұмыстары да жалғаса береді. Облыс әкімдігі тарапынан инвесторларға барынша қолдау жасауға дайын, – деді Құмар Іргебайұлы.

Облыс әкімі компания басшысының игі жобасына оң бағасын, зауыттың беделі өңірге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге таныла беруіне тілектес екенін айтты.

 Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу