Қазақстанда «Әділет» партиясы ұйымдастырып жатқан «Тең мүмкіндіктер» республикалық балалар инклюзивті фестивалі басталды. Фестивальдің алғашқы өңірлік кезеңдері Қостанай облысында өтті.
Мемлекет инклюзивті білім беру ісін дамытуға, сондай-ақ балаларға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттілігі бар балалардың мүмкіндігін кеңейту және олардың қоғамдық өмірге толыққанды араласуын қамтамасыз ету ісі аса маңызды екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Кедергісіз қоғам қалыптастыруға бағытталған нақты қадамның бірі – «Әділет» партиясы ұйымдастырған «Тең мүмкіндіктер» фестивалі. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен олардың құрдастары спорттық, шығармашылық және командалық іс-шараларға бірлесіп қатысуына жағдай жасау, сондай-ақ балақайлардың өзара қарым-қатынасы мен түсіністігін нығайту басты көздегені.
Өңірлік кезең Қостанай облысында өтті. Оған өңірдегі түрлі білім беру ұйымдарынан 80 оқушы қатысты. Қатысушылар спорттың бірнеше түрінен, соның ішінде боччадан жарысқа түсті.
«Балалардың әрбір жетістігінің артында олардың өздерінің, ата-аналары мен педагогтерінің үлкен еңбегі тұр. Біз үшін әрбір бала спортпен айналысып, өз қабілеттерін дамытып, қолдауды сезіне алатын жағдай жасау маңызды», – деді «Әділет» партиясы Қостанай облыстық филиалының басшысы Бибігүл Аққожина.
Қостанай қаласындағы №14 мектептің оқушысы Камила Аханова бочча жарысында үздік үштіктен көрінді.
«Жарысқа қатысып, үздік үштіктен көрінгеніме қуаныштымын. Бұл фестиваль жаттығуларымды жалғастыруыма қосымша ынта берді», – деді ол.
«Тең мүмкіндіктер» фестивалінің өңірлік кезеңдері еліміздің өзге де облыстарында жалғасады. Жоба ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың спортта, шығармашылықта және қоғамдық өмірде өз мүмкіндіктерін кеңейтуіне бағытталып отыр.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

