Редакциямызға Алматы қаласының тұрғыны Ермек Көшеков деген кісіден ерекше хат келіп түсті. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Ермек аға Арқалық қаласындағы сол кездегі педагогикалық институтта білім алыпты. Сол жылдары Арқалықтан Алматыға ұшақпен қатынап жүріпті. Алайда кейін әуежай жұмысын тоқтатқаны баршаға мәлім. Ал Ермек ағамыз сол жылдардағы ұшақ билетін лақтырмай әлі күнге дейін сақтап келген.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Арқалық әуежайы қайта жаңғыртудан өтіп, биыл ел игілігіне берілді. Ермек Көшеков отыз жылдан астам уақыт бойы сақтап келген әуе билетін бүгінгі күннің тарихи сәтімен қайта байланыстырды.
Кейде адам өміріндегі кішкентай ғана зат тұтас бір дәуірдің естелігіне айналады. Қағазға басылған бірнеше жол, солғын тартқан мөр, бір кездері күнделікті сапардың қарапайым құжаты болған билет – арада ондаған жыл өткенде сағыныштың, үміттің және уақыттың куәсі болып шыға келеді. Билет оның жастық шағымен, Арқалық педагогикалық институтында оқыған жылдарымен, Торғай өлкесіне қатынаған күндерімен байланысты.
Арқалық әуежайы қайта іске қосылда дегенді естіген Ермек Көшеков өзінің жүрекжарды лебізін жазып, редакцияға жолдауды жөн көріпті.
«Мен Алматы қаласының тұрғыны Көшеков Ермек 1989-1994 жылдар аралығында Арқалық педагогикалық институтында оқыдым. Сол жылдарда Алматы–Арқалық арасында ұшақпен қатынаушы едік. Кейіннен бұл мүмкіндік тоқтады. 30 жылғы қиындықты артқа тастап, қасиетті Торғай аспанында ұшақпен ұшу бақыты бұйырып отыр», – деп жазады.
Ол сақтап келген ескі билетін де көрсеткен. Бір қарағанда қарапайым ғана қағаз. Алайда оның ар жағында тұтас бір адамның жастық шағы, студенттік өмірі, Арқалықпен байланысты естеліктері жатыр.
«Сол кездерде Алматыдан Арқалыққа ұшқан ұшақ билетін өткен өмірімнің естелігі ретінде сақтап келіппін. Қазақтың бейбіт аспанында Алматы–Арқалық арасында қалықтаған ұшақтың қанаты талмасы деп тілеймін», – деп жазған хатта Ермек Көшеков.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Арқалық әуежайын реконструкциялау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, әуежай инфрақұрылымы қалпына келтіріліп, тұрақты әуе қатынасын қайта іске қосу жұмыстары жүргізілді. Әуежайдың үш әріптік IATA коды – AYK қайта қалпына келтірілді. Жаңа әуежай кешені салынды, ұзындығы 2,5 шақырым ұшу-қону жолағы жөнделіп, қажетті арнайы техника сатып алынды. Ал 22 тамыздан бастап Астана–Арқалық–Астана бағыты бойынша тұрақты рейстер ашылды. Бүгінде Арқалықты Астана ғана емес, Алматы және Қостанай қалаларымен де әуе жолы байланыстырып отыр. Астана бағыты аптасына екі рет орындалса, Алматы – Арқалық – Алматы рейстері де аптасына екі рет жүзеге асырылады. Сонымен бірге Қостанай – Арқалық – Қостанай облысішілік әуе бағыты іске қосылды. Осылайша, отыз жылдан астам уақыт бұрын жабылған әуе қақпасы қайта ашылды. Бір кездері Арқалықтан Алматыға ұшқан студент Ермек Көшековтің қолындағы билет те дәл осы тарихи сабақтастықтың символындай.
Сералы Мырзабай
Суреттерді ұсынған – кейіпкер
