Қостанай облысында 2025 жыл үшін жеке тұлғаларға есептелген мүлік салығын төлеу науқаны аяқталуға жақын. Бүгінде өңірдегі салық төлеушілердің басым бөлігі міндеттемесін орындағанымен, қалған азаматтар үшін төлем мерзімі – 1 қазанға дейін қалып отыр.
Есептелген соманы қайдан тексеруге болады, салықтық жеңілдіктер қалай қолданылады және мәліметтерде сәйкессіздік анықталған жағдайда не істеу қажет? Осы мәселелер жөнінде Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысын жүргізу және байланыс орталығы басқармасының басшысы Зарина Бекмұхамедова түсініктеме берді.
«Бүгінде есептелген мүлік салығының сомасын бірнеше тәсілмен тексеруге болады. Азаматтар Мемлекеттік кірістер комитетінің порталы, eGov.kz электрондық үкімет порталы, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қажетті ақпаратты ала алады. Бұдан бөлек, e-Salyq Azamat мобильді қосымшасындағы «Салық әмияны» сервисі де қолжетімді. Салық төлеушілерге есептелген соманы алдын ала тексеріп, төлемді соңғы күнге қалдырмауға кеңес береміз», – деді Зарина Бекмұхамедова.
Мемлекеттік кірістер органдары 2026 жылғы 1 шілдеге дейін тұрғын үйге және басқа да салық салу объектілеріне иелік ететін жеке тұлғалардың 2025 жыл үшін мүлік салығын есептеп шығарды. 2026 жылғы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша 235 мың салық төлеуші мүлік салығын төлеген. Бюджетке 263 млн теңге түсті. Бұл есептелген жалпы соманың шамамен 85 пайызын құрайды. Жалпы сомасы 310 млн теңге болатын салық 505 мың салық салу объектісі бойынша 277 мың салық төлеушіге есептелген. Салық төлеушілер мен объектілер санының айырмашылығы бір азаматтың бірнеше жылжымайтын мүлікке иелік етуімен түсіндіріледі.
Мүлік салығын есептеу кезінде заңнамада жеке тұлғалардың жекелеген санаттары үшін қарастырылған салықтық жеңілдіктер де ескеріледі. Егер азамат жеңілдік алуға құқылы болғанымен, ол есептеу кезінде қолданылмаған деп санаса, жылжымайтын мүлік объектісі орналасқан жердегі мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуі қажет. Мамандардың айтуынша, салық төлеушілер назар аударуы тиіс тағы бір мәселе – жылжымайтын мүлік туралы мәліметтердің өзектілігі. Мемлекеттік кірістер органдары салықты жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы уәкілетті органнан келіп түсетін ақпарат негізінде есептейді.
Сондықтан меншік құқығы, объектінің сипаттамалары немесе өзге де тіркеу деректері өзгерген жағдайда ақпаратты уақытылы жаңарту маңызды. Мысалы, азамат жылжымайтын мүлікті сатып жібергенімен, объект әлі де оның атына тіркеліп тұрса, алдымен уәкілетті органда деректерді салыстырып, қажетті өзгерістерді енгізу қажет. Жаңартылған мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарына түскеннен кейін, тиісті негіздер болған жағдайда салық міндеттемесі қайта есептеледі.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
