Есірткімен күрес тек тәртіп сақшыларының міндеті емес. Ол – әр ата-ананың, әр ұстаздың, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Қостанайда өткен ауқымды акция осыны тағы бір мәрте дәлелдеді. Бір айға созылған есірткіге қарсы іс-шаралар қорытындыланып, жастарға «салауатты өмір – сәнді өмір» деген маңызды ой жеткізілді.
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Қостанайдағы сауда-ойын-сауық орталығының аумағында есірткіге қарсы айлықтың қорытындысы шығарылды. Биылғы айлық 26 мамыр мен 20 маусым аралығында ұйымдастырылды.
Қостанай облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Данияр Дандыбаевтың айтуынша, зиянды әдеттермен күрес құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісіне айналуға тиіс.
– Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, олардың шығармашылық және спорттық әлеуетін қолдау, есірткіге деген теріс көзқарас қалыптастыру. Біз жастар үшін спорттың, білімнің, өнердің және белсенді өмір салтының зиянды әдеттердің ең тиімді баламасы екеніне сенеміз, – деді ол.
Айлық барысында полиция қызметкерлері мемлекеттік мекемелермен, еріктілермен, қоғамдық ұйымдармен және белсенді тұрғындармен бірлесіп ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізді. Осы уақыт ішінде ондаған акция, рейд, флешмоб, спорттық жарыс ұйымдастырылып, жастармен кездесулер, оқу орындарында дәрістер мен түсіндіру жұмыстары, ата-аналар жиналыстары өткізілді.
Полиция капитаны, жедел уәкіл Әсемгүл Ерденованың айтуынша, бұл жолы балалар мен жасөспірімдерге ерекше көңіл бөлінген. Себебі есірткіге тәуелділіктің алдын алуда дер кезінде ақпарат беру мен түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.
– Айлықты өткізуге қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғыс айтамыз. Қауіпсіз қоғам қалыптастыру, жас ұрпақтың денсаулығын сақтау және әр жастың өмірді, спортты, білімді таңдауы – бәріміздің ортақ мақсатымыз, – деді Әсемгүл Ерденова.
Іс-шараға келгендердің назарын арнайы техникалар ерекше аударды. Қонақтар отандық өндірістегі «Алан» броньды көлігі мен ресейлік «Тигр» жол талғамайтын техникасын жақыннан көріп, тіпті жүргізуші орнына отырып көруге мүмкіндік алды. Арнайы жасақ қызметкерлері бұл техникалардың оқу-жаттығуларда да, арнайы операцияларда да кеңінен қолданылатынын айтып берді.

Мерекелік жиында Қостанай қаласының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, кинологиялық қызмет орталығының мамандары қызметтік иттердің дайындығын көрсетті. Сондай-ақ ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары жауынгерлік дайындық элементтерінен көрнекі қойылым ұйымдастырды.
Көпшіліктің қызығушылығын психологиялық денсаулық орталығының маманы, «Цезий» ЖШС-нің психологі Гүлсім Бисімбаева өткізген танымдық викторина тудырды. Ол қазіргі таңда синтетикалық есірткінің кең таралуы қоғам үшін аса қауіпті мәселеге айналғанын атап өтті.
– Бүгінде есірткінің табиғаты өзгерді. Синтетикалық түрлері өте қауіпті. Оның салдары көбіне қайтымсыз болады. Орталық жүйке жүйесі зақымданып, адамның психикасы тез әлсірейді, тұлға ретінде жойылуға дейін барады. Сондықтан адамдардың бұл қауіп туралы жан-жақты хабардар болуы аса маңызды, – деді маман.
Викторина барысында дұрыс жауап берген қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Ал бір айлықтың басты нәтижесі – жастардың санасына есірткісіз өмірдің құндылығын тағы бір мәрте сіңіріп, қауіпсіз әрі салауатты қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды.
Суреттерді түсірген — Юлия Турок
