Қостанайда “Береке”, “Әуежай” шағын аудандарына қатынайтын күре жол пайдалануға берілді

Қостанайда “Береке”, “Әуежай” шағын аудандарына қатынайтын күре жол пайдалануға берілді

Жолдың ұзындығы – 1,1 шақырым. Екі қозғалыс жолағы, жаяу жүргіншілерге және велосипедпен өтуге арналған жолдары бар. Жарықтандыру, азаматтардың қауіпсіздігіне қажетті барлық белгілері жан-жақты ескерілген.

Жұмысты іске асыру үшін 2 теміржол өткелін асу керектігін ескерсек, 914 млн теңгені құрайтын жоба өте күрделі.

– Жаңа жол жаңа шағын аудандарынан қаланың орталық бөлігіне қатынауын айтарлықтай жеңілдетіп отыр. Биыл қаланың 65 көшесінде 30 шақырымнан астам жол жөнделді. Осылайша, Қостанай қарқынды дамып жатыр. Оған қала халқының, сондай-ақ автомобиль көлігінің жыл сайын көбеюі ықпал етеді, – деді облыс басшысы Құмар Ақсақалов

Мысалы,  2022 жылы көлік құралдарының саны 74 мыңнан асса, биыл 84 мың, яғни бір жылда 10 мыңға жуық бірлікке артқан. Қозғалыс қауіпсіздігінің жол картасын іске асыру және көлік жол айрығын жақсарту аясында қалада ауыспа жолдар іске қосылады. Мысалы, жақында ғана Досжанов-Мәуленов көшелерінің қиылысында қосымша жолақ ашылды. Келесі жылы қаланың 38 көшесінде 35 жол жөндеуден өтеді. Сондықтан жол трафигін басқару мәселесі туындап келеді. Қала аумағы барлық бағытта кеңейіп келе жатқандықтан,  қарбалас сағаттарда жолдардағы жүктеме артты.

– «Юбилейный», «Береке», «Алтын Арман» шағын аудандарында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта «Қостанай-2» шағын ауданын қоса алғанда, жаңа салынған үйлердегі халық саны шамамен 30 мың адамды құрайды. Алдағы 3-5 жыл ішінде қала құрылысы жобаларын іске асырумен тұрғындар саны 50 мың адамнан асады, – деп атап өтті өңір басшысы.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу