«Педагогикалық идеялар панорамасы»  облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды

«Педагогикалық идеялар панорамасы»  облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды

Мерекелік кешке «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы кәсіптік даму институты облыстық филиалының  тыңдаушылары, білім басқармасының және облыстың басқа да білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

“Өрлеу”  институты облыстық филиалының директоры Марионелла Слесарь бұл байқау 2018 жылдан бастап келе жатқан ең маңызды және жарқын сайыстардың бірі екенін атап өтті.

– “Өрлеу” институты 75 жыл бойы өңір педагогтарының кәсібилігін арттыруға мүмкіндік беріп келеді. Бұл орталықта мұғалімдер ең батыл және прогрессивті педагогикалық идеяларды жүзеге асыра алады”, – деді Марионелла Слесарь.

Биыл байқаудың өңірлік кезеңіне 280-ден астам жұмыс келіп түскен. Сараптамалық комиссия оқу сауаттылығы, мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу, математика, жаратылыстану-ғылыми, сандық, медиа-ақпараттық, қаржылық, экологиялық, денсаулық сақтау мен мәдениетаралық сауаттылық бағыттары бойынша жеңімпаздарды анықтаған еді.

Байқауда “Озат” мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жахангер Гаппаров медиа-ақпараттық сауаттылық бағыты бойынша бірінші орынға ие болды. Ол Физика пәнінің мұғалімі. Педагогтердің цифрлық құзіреттілігін әлі де дамыту керек деп есептейді.

“Сайыста оқушыларды оқыту кезінде қолданылатын әдіс-тәсілдердің жаңаша тұстарына назар аудару идеясын қорғадым. Тек қана ескі немесе жаңа тәсілдерді қолдану емес, екеуін біріктіріп, жаңалық ашуды көздедік. Іс-шара өте жақсы деңгейде өтті. Ұстаздар бейне түсіріп, оны әрлеуді жақсы меңгерсе,  цифрлық құзіреттілігі болса, осындай байқаулар тек қана республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейге жете алады деп ойлаймын”,– дейді ол.

Конкурс білім сапасын дамыту және үздік педагогикалық практикаларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында өтті.  Бұл тәжірибе педагогтердің кәсіби және ақпараттық- коммуникациялық құзыреттіліктерінің өсуін арттырады.

Бірінші орынға ие болған жеңімпаздардың жұмыстары «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсының қорытынды республикалық кезеңіне қатысу үшін жіберіледі.

Диана БАТЫРБЕК

Жаңалықтармен бөлісу