Қостанайда БАҚ қызметкерлеріне пәтер кілттері табыс етіліп, құрмет көрсетілді 

Қостанайда БАҚ қызметкерлеріне пәтер кілттері табыс етіліп, құрмет көрсетілді 

Биыл Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі өңір журналистері үшін ерекше жаңалықпен ерекшеленді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен алғаш рет облыстарда еңбек етіп жүрген бұқаралық ақпарат саласының қызметкерлеріне пәтер кілттері табысталды. Осы игі бастама аясында Қостанай облысының журналистері де баспаналы болып, кәсіби мерекеде бірқатар қаламгерлер мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеген Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов журналистиканың қоғамдағы орнына тоқталып, ақпарат саласы өкілдерінің ел дамуындағы ерекше рөлін айтып өтті.

«Журналистика – мәртебелі мамандық. Сіздер қоғам санасын жаңғыртып, ұлт тұтастығын нығайту жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Журналист қауымды «ұлттың үні, қоғамның айнасы» деп бекер атамайды.Ел өміріндегі маңызды оқиғаларды халыққа жедел әрі сапалы жеткізіп отырсыздар. Қазақ журналистикасының тарихы Тобыл-Торғай жерінен бастау алады. Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин, Нәзипа Құлжанова – ұлттық баспасөздің негізін қалаған тұлғалар. Олардың ізін басқан бүгінгі буын да елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, мәдени тынысын және халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп келе жатқан алтын көпір. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты», – деді. Біздің мақсатымыз – бір, ол – Әділетті Қазақстанды құру. Сіздер Ел Президенті бастамашы болған «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын және «Таза Қазақстан» бағдарламасын кеңінен дәріптеп келесіздер. Биыл Жаңа Конституцияны талқылау және қабылдау жолында халыққа шынайы, жан-жақты ақпарат тараттыңыздар. 1 шілдеден бастап жаңа Ата Заң күшіне енеді. Елде жүргізіліп жатқан реформалар аясында бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы «Масс-медиа туралы» заң бекітілді. Осыған орай журналист қауымның объективтілік, жауапкершілік және кәсіби этика қағидаттары бұрынғыдан да арта түседі деген сенімдемін», – деді облыс әкімі.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бүгінде Қостанай облысында 118 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Олар өңір тұрғындарын мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, жаңа өндірістердің іске қосылуы, инфрақұрылымның дамуы, білім, мәдениет, спорт салаларындағы жетістіктер туралы уақытылы әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді.

Пәтер кілтінің бірі «Қостанай таңы» газетінің Арқалық қаласындағы меншікті тілшісі Мұрат Жүнісұлына берілді.

blank

Марапатқа ие болған журналист бұл жетістікті жеке еңбегінің ғана емес, редакция ұжымының ортақ жеңісі деп бағалады.

 «Бұл – бірге еңбек еткен әріптестерімнің қолдауы мен ұжымның бірлескен жұмысының нәтижесі. Мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай қамқорлық бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Еңбегімді бағалаған ел Президентіне, облыс әкімі Құмар Іргебайұлына, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Біркенұлы және еңбек етіп отырған «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызына алғысымды білдіремін», – деді ол.

Жиында «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы сөз алып, облыс әкімдігіне журналистика саласына көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған облыстық медиафорум өңірлік журналистиканың дамуына жаңа серпін беріп келеді.

blank

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының басты қағидаттарының бірі ретінде халық пен билік арасындағы ашық диалог пен сенімді қарым-қатынасты үнемі айтып келеді. Осы міндетті жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі ерекше. Өңірде ақпарат кеңістігінің дамуына, журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға және олардың еркін еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау жолындағы қолдауыңыз – Президент айқындаған бағыттың Қостанай облысында нақты іспен жалғасып жатқанын көрсетеді. Үшінші жыл қатарынан жаңа форматтағы облыстық медиафорумның ұйымдастырылуына қолдау білдіруіңізді журналистикаға деген құрметтің, ақпарат саласының қоғамдағы рөлін терең түсінетін азаматтық ұстанымның айқын дәлелі дер едім. Мұндай алаңдар тәжірибе алмасуға, жаңа идеялардың туындауына және өңірлік журналистиканың дамуына тың серпін беріп келеді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Торғай өңірін дамытуға ерекше басымдық берілуде. Осы маңызды жұмыстың жүзеге асырылуын өз бақылауыңызда ұстап, өңірге тұрақты түрде барып, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың орындалу барысын тікелей қадағалауыңыз жұртшылықтың сенімін нығайтып келеді. «Қостанай таңы» газетінің қалың оқырманы сол Торғай өңірінен болғандықтан, біз осы жақсы сезініп отырмыз. Халықпен етене араласып, мәселелерді жергілікті жерде зерделеп, нақты шешім қабылдау – елдік мүддені бәрінен жоғары қоятын басшыға тән қасиет. Сонымен қатар өңірдің ардагерлеріне көрсетіліп жатқан қамқорлық пен құрмет, олардың өмірлік тәжірибесін бағалап, кейінгі буынға үлгі етуге бағытталған игі бастамалар ұлттық құндылықтарға адалдықтың, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі деп білеміз. Журналистер қауымына білдіріп отырған сеніміңіз, сөз иелерінің еңбегіне көрсеткен құрметіңіз үшін зор алғыс айтамыз. Алдағы уақытта да Қостанай өңірінің өркендеуі жолындағы игі бастамаларыңыз табысты жүзеге аса берсін», – деді Кенжеш Оразғалиқызы.

Салтанатты іс-шарада ардагер журналист, Жайберген Болатов «Құрмет» орденінің иегері атанды. Ол мемлекет тарапынан журналистика саласына көрсетіліп отырған қолдауға жоғары баға берді.

 

Ардагер қаламгер өңірде жүзеге асып жатқан өндірістік және инфрақұрылымдық жобалардың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бергенін айтып, журналистердің сол өзгерістерді халыққа жан-жақты әрі жауапкершілікпен жеткізіп жүргенін тілге тиек етті.

«Салтанатты жиын – бәріміздің жадымызда қалатын ерекше басқосу. Бұл жекелеген журналистердің ғана емес, жалпы Қостанай журналистикасының еңбегіне берілген жоғары баға. Ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысымды білдіремін. Президент тек журналистика саласына ғана емес, еліміздің барлық бағыттарының дамуына жіті көңіл бөліп келеді. Журналистикаға жасалып отырған қолдау – халықтың тыныс-тіршілігін, елдегі өзгерістерді шынайы жеткізетін ақпарат саласына деген құрметтің көрінісі», – деді ардагер.

Жайберген Болатов Қостанай облысында жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың жалғасатына сенім білдіріп, оң өзгерістерді сөз етті.

 «Жаңа өндіріс орындары іске қосылып, кәсіпорындар ашылып жатыр. Арқалық әуежайының қайта жандануы, жаңа зауыттардың бой көтеруі – өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және облыс бюджетінің нығаюына ықпал ететін маңызды бастамалар. Мұндай нәтижелерде облыс әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың да еңбегі зор деп есептеймін. Ол ауыл шаруашылығы саласын жақсы білетін, өмірлік тәжірибесі мол басшы», – деді ол.

Ардагер журналист бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам алдындағы жауапкершілігін де айтты.

blank

 «Журналист қоғамдағы кемшілікті көрсетуі керек. Бірақ мәселені сынап қана қоймай, оны түзетудің жолын да ұсына білген жөн. Нақты дерекке сүйеніп, әділ жазу – кәсіби журналистиканың басты қағидасы. Ал дәлелсіз айыптау мен даурығу журналистикаға жат. Бұл – кәсіби ақпарат құралдарының емес, әлеуметтік желідегі жауапсыз пікірлердің тәсілі», – деді Жайберген Болатов.

Ол Қостанай журналистикасының кәсіби деңгейі әрдайым жоғары болғанын айтып, мұны өз тәжірибесімен байланыстырды.

 «Мен еліміздің әр өңірінде еңбек еттім. Алматыда да, Атырауда да жұмыс істедім. Сол тәжірибемді салыстыра айтсам, Қостанай журналистерінің басты ерекшелігі – нақты фактіге сүйеніп, байыппен жазуы. Бұл – өңір журналистикасының қалыптасқан кәсіби мектебі. Осы дәстүр жалғаса береді деп сенемін. Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін», – деп сөзін қорытындылады ардагер журналист.

Сондай-ақ марапат алған қызметкерлер қатарында облыстық «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Шұға Қоңқабай бар. Ол «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты. Сонымен қатар қарт басылымның шеф-редакторы Қарлығаш Оспанова Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сайт редакторы Жандос Жүсіпбек пен тілші Сералы Мырзабай Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.

blank blank blank blank blank blank blank blank

blank blank blank blank blank blank blank

Кәсіби мереке аясында өткен жиын журналистер еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, қоғамдағы сөз құдіреті мен ақпараттың маңызын тағы бір мәрте айқындаған тағылымды басқосуға айналды.

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ