Қостанайда балаларға арналған «Таза бұлақ» атты әдеби жинақтың кезекті шығарылымы жарыққа шықты

Қостанайда балаларға арналған «Таза бұлақ» атты әдеби жинақтың кезекті шығарылымы жарыққа шықты

Кітапта жас оқырмандарға арналған үздік шығармалар топтастырылған. Байқау нәтижесінде үздік авторлар жыл сайын марапатталып, есімдері көпшілікке таныстырылады. Биылғы байқаудың бас жүлдесін Нұрбек Нұржанұлының «Қанатты шабандоз» повесі иеленді.

Бұл шығарма бірден екі «Қазақ тіліндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған ең үздік шығарма» және «Балалар қазылар алқасының таңдауы» аталымдары бойынша үздік деп танылды.

blank blank blank  blank       «Таза бұлақ» байқауы алғаш рет Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жылдық мерейтой аясында бастау алған болатын. Содан бері жоба балаларға арналған әдебиетті дамытуға, қаламы жүйрік жазушыларды анықтауға бағытталған дәстүрлі әдеби бәйгеге айналды.

blank

Биылғы басқосу да ұлы ағартушының туған күніне орай ұйымдастырылып, оның ағартушылық идеяларын жалғастыруды, жас ұрпақты рухани байлыққа, білім мен ізгілікке баулуды мақсат етті.

blank

«Бес жыл ішінде «Таза бұлақ» еліміздің түкпір-түкпірінен жас жазушылардың жаңа есімдерін танытып, қазақ балалар әдебиетіне тың серпін берді. Осы уақыт ішінде 103 автор, 102 шығарма шыққан екен. Бүгін біз осымен бесінші, мерейтойлық конкурсымыздың қорытындысын шығарып отырмыз. Алматы мен Астанадан, Қызылорда мен Павлодардан, Қарағанды мен Өскеменнен, Қостанай мен Талғардан, сондай-ақ ауыл-аймақтардан келген жас қаламгерлердің барлығы да тең мүмкіндікке ие болып, оқырманға шығармаларын ұсынды», – деді Қостанай облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Жүсіпов.

Байқау жыл сайын жаңа таланттарды ашып, есімдер қатары толып келеді. Осы жолғы жинақта Бекжан Бибизада, Елдос Тоқтарбай, Жұпар Жақан, Раушан Байғажиева, Мария Шилоның есімдері бар.

blank

«Біз балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік прозалық шығармаға арналған байқауды бесінші рет өткізіп отырмыз. Қатысушылардың қатары бүкіл Қазақстанды қамтиды, жыл сайын авторлардың саны артып келеді. Биыл олардың қатары 500-ден асты», – дейді Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық кітапхана директоры Надежда Теплякова.

Байқаудың бір ерекшелігі қазылыр алқасында ересектермен қатар балалар да бар. Белсенді, кітапқұмар оқушылар өздері оқып, өз таңдауларын жасайды.

blank

Биылғы байқаудың бас жүлдесін Нұрбек Нұржанұлының «Қанатты шабандоз» повесі иеленді.

«Мен ұсынған хикая байқауда жүлделі атанды. Бұл шығармамда өзімнің туып-өскен ауылымды, бала күнімді, арман-ойларымды бейнеледім. Ыбырай атамыздың шығармаларын оқып, оның өнегесімен өстім. Бүгінгі жеңіс сол тәлім мен шабыттың жемісі», – деді Нұрбек Нұржанұлы.

Жас болса да, қаламгерлік шеберлігімен танылып жүрген Нұрбек Нұржанұлы – қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік үні бар жазушы, ақын әрі аудармашы. Оның шығармаларынан ұлттық болмыс пен заманауи ойлау жүйесі үйлесім тапқан.

blank

«Қанатты шабандоз» шығармасында тоғыз жастағы Айбергеннің бала арманы мен қиялы бейнеленеді. Атасы айтқан жырлардан шабыт алған кейіпкер жүйрік ат мініп, бәйгеде жеңіске жетуді армандайды. Кішкентай батырдың серігі – көктен түскен киелі тұлпар Ақпырақ. Шығарма арқылы автор жеңілістің де – жеңіс жолындағы бір баспалдақ екенін, ал шынайы күш сабыр мен табандылықтан туатынын көркем тілмен жеткізеді.

blank

Сонымен қатар, орыс тіліндегі үздік шығарма номинациясы бойынша алматылық авторлар Елена Клепикова мен Ксения Земскова «Удивительный мир Красной книги. Истории о редких растениях и насекомых Казахстана» атты еңбегімен жеңімпаз атанды. Бұл шығарма балаларды табиғатты аялауға, еліміздің биоалуантүрлілігін тануға баулиды.

blank«Таза бұлақ» – жай ғана әдеби жоба емес, бұл – рухани бұлақтың бастауы. Әр басылым – ұлт әдебиетінің болашағына қосылған бір кірпіш. Бес жылдық тарихы бар «Таза бұлақ» бүгінгі таңда қазақ балалар әдебиетінің жаңа дәуірін қалыптастырып, жас оқырман мен жазушы арасындағы рухани байланысты нығайтып отыр.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Айдана Марат