Облыс орталығында тұңғыш рет 3 жасқа дейінгі балаларға арналған Baby-театр өз жұмысын бастады.
Жаңа театрдың шымылдығы режиссер Анар Жанбекованың пьесасы негізінде қойылған «Маймақ қонжық» атты иммерсивті қойылыммен түрілді.
Ерекше форматтағы бұл театрда дәстүрлі сахна мен орындықтар атымен жоқ. Оның орнына балалар жұмсақ жастықтар мен көрпелерге жайғасып, еркін отырып, еркін қозғалуға мүмкіндік алады.
Себебі кішкентай көрермендер ұзақ отыруға бейімделмеген. Бұл тәсіл олардың өзін жайлы әрі еркін сезінуіне, жаңа ортаға тез үйренуіне жағдай жасайды. Baby-театрдың басты ерекшелігі де осы.
Қойылым балаларға арнап арнайы дайындалған. Ұзақтығы – 30 минут. Сюжет желісі сиқырлы ормандағы оқиғаларға құрылған.
Басты кейіпкер – сүйкімді, алайда сәл епсіз Қонжық өз маймақтығынан ұялып, достарының күлкісіне қалады. Алайда орман тұрғындарының қолдауы мен анасының даналығы арқасында Қонжық өз болмысын қабылдаудың маңызын ұғынады.
Бұл – кішкентай көрермендерге арналған терең тәрбиелік мәні бар дүние.
Қойылым барысында бүлдіршіндер тек көрермен емес, оқиғаның белсенді қатысушысына айналады. Олар жаңғақ тереді, қимыл-қозғалысқа қатысады, әртістермен бірге әрекет етеді. Айта кетерлігі, жаңғақтар – қолдан тоқылған, әр бала өз қолымен ұстап көреді. Бұл – ұсақ моториканы дамытуға, ұжыммен әрекеттесуге бағытталған тиімді тәсіл.
Қойылымды сахналаған қоюшы режиссер – Анар Жанбекова, қоюшы суретші – А. Кравцова, музыкалық көркемдеуші – А. Коротченко. Ал кейіпкерлер образын әртістер Р. Брімжанов, Е. Төлеген, А. Смағұлова, Ж. Бимұханов, А. Мағамбетов, Д. Норка және Д. Ахмет сынды өнерпаздар сәтті сомдап шықты.
Қойылым туралы пікір білдірген ата-аналар да жаңа форматты жоғары бағалады :
– Мұндай спектакльге алғаш рет қатысып отырмыз. Қойылым өте әсерлі, жылы, көңілді өтті. Балалар өздерін еркін сезінді, қызығушылықпен араласты. Әртістердің балалармен тіл табысуы, интерактив элементтердің көптігі қуантты. Осындай жобалар жиі болып тұрса екен, – деп қала тұрғыны Гүлмира Елюсинова үш жасар қызымен бірге келгенін айтып алғысын білдірді.
Театр директоры Төлен Әлғожин Baby-театрдың Қостанайда тұңғыш рет ашылып отырғанын ерекше атап өтті
– Бұл – біздің ұжым үшін де, қала мәдениеті үшін де маңызды қадам. Қойылымдағы Қонжық пен реквизиттерді әртістер өз қолдарымен тікті. Біз үшін бұл жай ғана қойылым емес – балалардың жан дүниесіне жол табатын алғашқы көпір. Бала күлкісі – ең үлкен марапат, – дейді Төлен Әлғожин.
Жаңа театр – кішкентай көрермендер үшін ғана емес, ата-аналар үшін де тың тәжірибе. Baby-театр баланы театр әлемімен ерте таныстырып, оның шығармашылық қабілетін оятуға бағытталған. Ең бастысы – баланың өзін еркін әрі бақытты сезінуі.
Балауса ЖҮНІС