Қазақтың ұлттық ойындарың бірі — асық ату жарысына куә болдық. Бұл тек спорттық іс-шара ғана емес, халқымыздың тарихы мен мәдениетін таныстырудың бір түрі болып қалыптасып келе жатыр.
Қостанайдағы №28 мектепте асық ату жарысы 5 күнге созылып, 63 командадан 315 бала қатысты. Бүлдіршіндер арасындағы бәсекенің финалында қалған 18 командадан 90 бала бақ сынады.
“Бұл жарыс кішкентай бүлдіршіндер арасында дәстүрлі түрде өтіп келе жатқанына 8 жыл болды. Бүгін бізде 6-күндік финалдық жарыс кезеңі өтіп жатыр. Жалпы алғанда, 63 балабақша және мектепалды даярлық сыныптарынан 315 бүлдіршін қатысуда. Біздің мақсатымыз – кішкентай бүлдіршіндерді асық ойнауға үйрету. Жалпы, асықтың үш түрі бар: домбы, тасқала, бес асық. Бүгінгі жарыс өте жоғары деңгейде өтуде. Финалдан іріктеліп алынған спортшылар облыстық өңірлік дене шынықтыру бөлімі ұйымдастыратын облыстық жарысқа қатысады. Одан кейін республикалық деңгейге өту жоспарланып отыр”, – дейді «Асық ату» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалының төрағасы Кәрішал Төлегенұлы.
Мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің әдіскері Меден Тілеужанның айтуынша, асық ату ойынының маңыздылығы – біріншіден, бұл балалардың қол моторикасын дамытады, төзімділікке, мергендікке, ұстанымдылыққа тәрбиелейді.
“Тәрбиешілеріміз қазақ халқының ұлттық ойынын дамытып келеді. Бұл жарысты 2017 жылдан бастап ұйымдастырып келеміз”, – дейді Меден Тілеужан,
Асық ойынының қалалық жарысының финалдық кезеңі өз мәресіне жетті. Осы командаларға төрешілік еткен мамандардың айтуынша, асық ату ойыны өте қызықты әрі тартымды өтті. Балалар бұл жарысқа жоғары деңгейде дайындалып келгендерін көрсетті.
“Бұл жарыс жас ұрпақтың қызығушылығын оятып, олардың мергендігін, шыдамдылығын және дәлдігін дамытуға ықпал етті. Осындай іс-шаралардың ұйымдастырылуы ұлттық спорттың дамуына және болашақ чемпиондардың қалыптасуына негіз болмақ. Осы жарыс арқылы балалар тек ойын ойнап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Ұлттық ойындардың жастар арасында кеңінен таралуы – қазақ мәдениетінің сақталуы мен дамуына қосылған үлкен үлес”,– дейді №11 бөбекжайдың дене шынықтыру нұсқаушысы әрі төрешісі Сайлау Омарова.
Демек, асық ату – қазақ халқының мәдени мұрасын жаңғыртудың, ұлттық ойындарды дәріптеудің тамаша үлгісі болып қала бермек. Алдағы уақытта да асық ату секілді ұлттық ойындарымызды насихаттап, оны жаңа деңгейге көтеру – баршамыздың міндетіміз.
Диана Алмасқызы
ҚӨУ 3 курс студенті