Қостанайда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жолдары талқыланды

Қостанайда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жолдары талқыланды

Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған кездесу өтіп, онда бизнестегі әйелдердің рөлін арттыру, өңіраралық әріптестікті нығайту және жаңа жобаларды іске асыру мәселелері қарастырылды.

Іс-шараға Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлік саласының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – кәсіпкер әйелдерді қолдау тетіктерін жетілдіру, тәжірибе алмасуға жағдай жасау және бизнесті дамытудағы өзекті мәселелерді талқылау болды.

Жиын барысында мемлекеттік қолдау бағдарламаларының мүмкіндіктері, кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асырудың тиімді жолдары, бизнесті кеңейту тетіктері және өңірлер арасындағы іскерлік байланысты дамыту мәселелері сөз болды. Қатысушылар табысты жобаларды іске асыру тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа серіктестік қатынастар орнатудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы оң тәжірибелер таныстырылып, шағын бизнесті тұрақты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпорын деңгейіне дейін жеткізуге бағытталған қолдау шаралары талқыланды. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарының өзара байланысын нығайту, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау және кадрлық әлеуетті арттыру мәселелері көтерілді.

Қатысушылар қазіргі таңда әйелдердің экономикалық белсенділігі артып келе жатқанын атап өтіп, олардың кәсіпкерлік, басқарушылық және қоғамдық өмірдегі үлесі жылдан-жылға күшейіп отырғанын айтты.

Жиын қорытындысында өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту, кәсіпкер әйелдерді қолдауға бағытталған жаңа бастамаларды жүзеге асыру және бірлескен жобаларды қолға алу жөнінде ұсыныстар айтылды. Кездесуге қатысушылар мұндай алаңдардың тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және өңірдегі кәсіпкерлік ортаның дамуына оң әсер ететінін ерекше атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау өңір экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына да ықпал етеді.

Ақерке АРЫСТАНБАЙ

ҚӨУ студенті

Сурет Қостанай облысы әкімдігінің ресми сайтынан