25 мая, 2025
Қостанайда 280 орындық балабақша құрылысы аяқталуға жақын

Қостанайда 280 орындық балабақша құрылысы аяқталуға жақын

«Әуежай» шағын ауданында 280 орындық жаңа балабақша салынып жатыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құрылыс барысымен танысып, бұл жоба мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Әуежай» шағын ауданындағы балабақша құрылысы 2023 жылдың күзінде басталған болатын, оған мемлекеттік бюджеттен 1,1 миллиард теңге бөлінген.

Алайда, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты 2024 жылдың соңында бюджетке тағы 600 миллион теңге қосымша қаражат бөлінді. Бүгінде құрылыс алаңында 62 адам еңбек етуде.

«Қазір соңғы әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, әлеуметтік нысан 2025 жылдың сәуір айында толықтай пайдалануға беріледі», – дейді «Статус Трейд» ЖШС директоры Дулат Бірімжанов.

Компания аумақты абаттандыру жұмыстарын толықтай аяқтаған, бұл балабақшаның ашылу мерзімін жылдамдатуға мүмкіндік берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бар – екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды толықтай балабақшамен қамтамасыз ету. Қостанай облысында үш жастан алты жасқа дейінгі балалар 100% балабақшаға барады, ал екі жастан алты жасқа дейінгі балалардың үлесі – 92%. Былтыр өңірде жеті жаңа балабақша ашылып, мыңға жуық бала тәрбиеленуде. 2023 жылдың 1 қаңтарында облыста балабақша кезегінде 4600 бала тұрған болса, 2025 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткіш 2600 балаға дейін қысқарды, яғни 40%-ға азайды», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.

Қазіргі таңда «Әуежай» шағын ауданында балабақша кезегінде 374 бала тұр. Жаңа балабақша іске қосылғаннан кейін бұл мәселе біршама шешімін табады және кезек айтарлықтай қысқарады.

Жаңа балабақша құрылысы –  өңірдегі мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын дамытуға және балалардың балабақшаға қолжетімділігін арттыруға маңызды қадам.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ