2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95% артады

2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95% артады

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манар Адамова Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балабақшаларды іске қосудың 2023-2027 жылдарға арналған қадамдық жоспары бекітілгенін айтты.

2025 жылы кезекте тұрған 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды сапалы мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтуды 95%-ға арттыру жоспарланып отыр.  Жыл басынан бері 1,6 мың орындық 20 мектепке дейінгі ұйым қолданысқа берілсе, жаңадан осыдан 64 мың орын ашылмақ. 

Мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етуді арттыру үшін жұмыс істеп тұрған балабақшалар жаңғыртылып, шағын орталықтар саны көбейтіледі. Мемлекеттік тапсырыс ваучерлік қаржыландыру есебінен жүргізілетін болады.

«Ваучерлік қаржыландыру жүйесі іске қосылған сәттен бастап ата-аналарға 99 мың ваучер берілді, бұл олар үшін балабақшаны өз бетінше таңдау мүмкіндігі. Мемлекеттік қаражаттың белгілі бір ұйымға емес, нақты балаға бағытталып жұмсалуы – қаржыландыру механизмін жариялы етеді. Пилоттық жобаға Тараз, Түркістан, Шымкент, Орал және Астана қалалары қатысуда. Өңірлердің дайындығына қарай бағдарлама кеңейтілетін болады», – дейді  Манар Адамова.

Жалпы, 2027 жылға дейін кешенді жоспар шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда жаңадан 300 мың орын қолданысқа беру жоспарлануда. Бүгінгі таңда Қазақстанда 11,6 мың балабақшаға 1 миллионға жуық бала барады.

Жаңалықтармен бөлісу