Қостанай қаласында соңғы екі-үш күнде кешкілік жағымсыз иіс тарап, ауаны қою түтін басуда. Оған тұншыққан тұрғындар дабыл қағып, оқиға орнынан түсірген бейнажазбаларды инстаграм әлеуметтік желісінде таратып жатыр.
Жағымсыз иіс әсіресе, “Алтын арман”, “Береке”, “Юбилейный” шағын аудандарында таралуда. Кешкі сағат сегізден бастап маңайды көк түтін басады. Осы уақытта далаға шығудан бөлек, терезе ашудың өзі мұң. Тұрғындардың айтуынша, сол жердегі кәсіпорынның аумағында малдың сүйегін, өзге де қалдықтарын өртейді.
– Кешкілік үйдің терезесін аша алмаймыз. Иісті сипаттап жеткізу де қиын. Қолқаны қабады. Ал түтіннен көз ашиды. Ащы, өткір, жағымсыз иіс бірнеше күннен бері әуреге салды, – деді “Юбилейный” шағын ауданының тұрғыны Гүлжаз Сүлеймен.
Желіде тараған бейнежазбаға облыстық экология департаменті бірінші болып назар аударып, арнайы жазба жариялады. Хабарламада: “Төтенше жағдайлар департаментінің хабалауынша “Северный” полигонында өрт болған. Тексеру нәтижесінде полигоннан тараған түтіннің суреттері табылды. Сондай-ақ, департаментке “Алтын арман” шағын ауданының тұрғындарынан “Тазалық-2012″ ЖШС жауапкершілікке тартуға қатысты шағым түсті” делінген.
Иіс тараған аумақта “Қостанай Агро Продукт” ЖШС-ның мал сою цехы да орналасқан. Алайда, бұл кәсіпорынның пешінде аптасына бір рет малдың қалдықтарын өртеуге арналған экологиялық рұқсат бар екен. Ол жердегі пеш заң талаптарына сәйкес қойылған. Кәсіпорын қызметкерлері қолаңса иіс бұл пештен емес, жақын маңдағы полигоннан тарауда деп отыр. Облыстық экология департаменті болса “Қазір “Қостанай Агро Продукт” ЖШС мен “Тазалық-2012″ ЖШС-не қатысты тексеруді тіркеу жұмыстары жіруде” деп мәлімдеді.
Кеше облыс әкімі Құмар Ақсақалов қаланың бірқатар құрылыс нысандарын аралау барысында осы мәселеге қатысты өз ойымен бөлісті.
– Жануарлардың қалдықтары өртенген жерге экологтардың барғанынан хабардармын. Мамандар қоршаған ортаны қорғау заңнамасының бұзылғанын тексеруде. Тиісті шешім қабылдау үшін тексеріс нәтижесін күтемін, – деді Қ.Ақсақалов.
Қымбат Досжанова.