У.Шекспирдің «Дуалы түнгі думан» атты спектаклінің премьерасы І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында өтті.
«Дуалы түнгі думан» музыкалық комедиясы – У.Шекспирдің кең танымал шығармаларының бірі. Пьеса Афин қаласының герцогы Тезей мен Амазонка падишасы Ипполитаның үйлену тойына орай өткен оқиға желісінен құрылған. Соның бірі афиндік төрт ғашықтың махаббат машақаты болса, тағы бірі әуесқой актерлердің той құрметіне қойылатын пьесаны дайындауынан тұрады. Ғашықтардың, ерлі-зайыптылардың басын дуалап, түрлі жолға салатын пері-шілтендердің әрекеті шытырман оқиғаны қоюлата түседі. Перілер дуасының әсері думанға айналдырған ормандағы түнгі әрекеттің бәрі ғашықтардың табысуымен, ерлі-зайыптылардың татуласуымен аяқталады. Шығарманы қазақша сөйлеткен белгілі ақын Хамит Ерғалиев пьесаны «Дуалы түнгі думан» деп сол себепті атады. Күлкіге қарық қылатын комедияның астарлап айтары – адалдық пен адамгершілікті жоғалтпау.