Қостанай театры Ресейдегі фестивальде Гран При иеленді

Қостанай театры Ресейдегі фестивальде Гран При иеленді

Ресей Федерациясының Пермь қаласында өткен “Пермская Фантасмагория” театр фестивалінде І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры зор олжаға кенелді.

Ресей, Армения, Сербия, Беларусия, Қырғызстан, Жапония, Иран мемлекеттерінің маңдайалды театрлары қатысқан халықаралық байқауда жерлестеріміз төрт бірдей аталымды жеңіп алды. Атап айтқанда, фестивальде сахналанған “Шолпанның күнәсі” қойылымы Гран Приге лайық деп танылып, “Үздік спектакль” номинациясын иеленді. Сондай-ақ труппа қоржынына “Үздік сценография” мүсіншесі бұйырды. Бұл жүлдені ерекше сахналық шешімі үшін Садыр Ниязақынов еншіледі. Ал Шолпанның рөлін сомдаған дарынды актриса Диана Тұрсынова “Үздік әйел бейнесі үшін” номинациясымен марапатталды. “Үздік ер бейнесі үшін” мүсіншесі де біздің театрға табыс етілді. Оның иесі – өңірге танымал әртіс Қуаныш Маратұлы.
“Бұл беделі жоғары фестивальді “У моста” деген театрдың Сергей Федотов есімді әйгілі режиссері ұйымдастырды. Айтулы байқауға өткен жылы шақырту алған едік. Сөйтіп, Пермь қуыршақ театрында “Шолпанның күнәсін” қойдық. Спектакльді субтитрмен тыңдаған көпшіліктің ерекше әсер алғанын, ықыласты қошеметін көрдік. Қазылар алқасы өте жоғары бағалады. Енді бұл қойылым Мәскеу, Баку, Қазан қалаларына шақырылып отыр. Олар да өздеріндегі дәстүрлі театр мерекелеріне қатысқанымызды қалайды”, – дейді қойылым режиссері Баатырбек Шамбетов.
Театрлар байқауына Израил, Армения, Ресей, Татарстан елдерінің атағы жер жарған режиссерлері, театр сыншылары, осы саланың тіс қаққан мамандары төрешілік жасады. Олардың әрқайсысы фестивальдің қорытынды жиынында “Шолпанның күнәсі” спектакліне жоғары баға беріп, ризашылықтарын білдірді.
“Бұл қойылым маған өте қатты ұнады. Шығарманың гипноздық қуаты күшті болды. Кейіпкерлердің тағдырына терең бойлап, иіріміне жұтылып кеткендей күй кештім. Сахнадан жанды энергия алдым. Оны барлық көрермен сезінді-ау деп ойлаймын. Қыз-жігіттердің актерлік шеберлігі жоғары деңгейде. Олар ойнаған жоқ, өмір сүрді. Көңілімізді толқытқан басты рөлдегі Дианаға бөлек рахмет! Өте нәзік тақырыпқа асқан талғаммен барғансыздар”, – деді театр сыншысы, қазылар мүшесі Наталья Витвицская.
Жерлестерімізді жарқын жеңісімен құттықтаймыз!

Жаңалықтармен бөлісу