«Қостанай таңы» ұжымы пошта қызметкерлеріне құрмет көрсетті

«Қостанай таңы» ұжымы пошта қызметкерлеріне құрмет көрсетті

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Қостанай таңы» газетінің қыз-келіншектері «Қазпошта» АҚ Қостанай филиалына арнайы барып, ондағы қызметкерлерді құттықтады. Басылым өкілдері пошта саласында талмай еңбек етіп жүрген жандарға жылы лебіздерін білдіріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Іс-шара барысында пошта қызметкерлерінің қоғамдағы маңызы ерекше аталып өтті.

– Пошта – ақпарат пен байланыстың алтын көпірі. Бұл салада қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі өлшеусіз. Олар халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп, елдің рухани және әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес, пошта қызметін жетілдіруге қатысты маңызды өзгерістер енгізілді. Аталған заң Мәжіліс депутаттары, соның ішінде «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері тарапынан көтеріліп, халық игілігіне бағытталған бастамалар жүзеге асты. Енді «Қазпошта» дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды тасымалдау құқығына ие болды, бұл шалғай ауылдарға қажетті медициналық көмек жеткізу ісін жеңілдетпек. Сонымен қатар, пошта қызметін азаматтар үшін ыңғайлы ету мақсатында жаңа ережелер енгізілді, – деді «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту аймақтық кеңесінің төрағасы Кенжеш Оразғалиқызы.

Сонымен қатар, ол «AMANAT» партиясының Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту аймақтық кеңесімен бірлесе отырып, «Ұлттық мұра» жобасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған көптеген игі бастамалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Бұл – рухани бірлігімізді нығайтып, тарихи мұрамызды келер ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадам.

Газет ұжымы пошта қызметкерлеріне алғыс білдіріп, алдағы уақытта да олардың еңбегіне құрметпен қарайтынын жеткізді.

 

Сондай-ақ, шара барысында тек қызметкерлер ғана емес, поштаға келген клиенттер де шағын сый-сияпат алып, мерекелік көңіл-күйге бөленді. Ұлттық тағамнан көшеде кездескен тұрғындар да дәм татты.

 

Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, еңбек адамдарына деген құрмет арта бермек.

Жаңалықтармен бөлісу