Бүгін газет тарихында республика күні қарсаңында бірінші рет онлайн ұтыс ойыны ұйымдастырылды. Онда үш смартфон, «Сосновый бор» шипажайына үш күндік үш жолдама, бұдан да басқа ақшалай, заттай сыйлықтар ойнатылды.
Іс-шараға «Тобыл» футбол клубы, «Сосновый бор» шипажайы, «Аллюр» компаниялар тобы, «Нұрай-Н» ЖШС, «Емшан» сауда кешені, «Еуразиялық банк» АҚ және Тобыл-Торғай өңірінің өзге де кәсіпкерлері демеушілік білдірді.
Ұтыс шарты бойынша әр аудан-қалаларға үш сыйлықтан ойнатылды. Амангелді, Жангелдин аудандары мен Лисаков қаласынан ұтысқа қатысқан оқырмандар арасынан смартфондар өз иелерін тапты.
Арқалық қаласы мен Жітіқара, Науырзым аудандарындағы оқырмандар шипажай жолдамаларын ұтып алды.
Қостанай қаласының атынан ұтысқа қатысқан оқырмандарға бір қой мен «Тобыл» футбол командасының атынан жиде табыс етілді.
Рудный қаласына 30000 теңге мен «Тобылдың» жидесі берілді.
Қалған аудандарға 10000, 20000 теңге мен заттай сыйлықтар ойнатылды.
Іс-шараның қорытындысында «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы жоғарыда аты аталған демеушілер мен қатысушыларға алғыс айтып, цифрландыру заманында қолдау білдірген оқырмандардың газетке жазылу маңыздылығын атап өтті.
“Республика күні қарсаңында алғаш қолға алынып отырған іс-шара келер жылы да жалғасын табады. 2024 жылы ұтыс ойынын бір жылға жазылған оқырмандар арасында өткізуді жөн көріп отырмыз”, – деді Кенжеш Оразғалиқызы.
Ұтыс жеңімпаздарын марапаттау 20 қазан күні болады деп жоспарланып отыр. Уақыты, өтетін орны кейін хабарланады.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев