Қостанай қаласының прокуратурасы инвестордың құқығын қорғады

Қостанай қаласының прокуратурасы инвестордың құқығын қорғады

Қостанай қаласының прокуратурасы өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді.

Жуырда инвесторлардың бірі жиһаз цехын салу үшін жер учаскесін өтеусіз алу барысында қиындықтарға тап болған. Бұл мәселе қолданыстағы заңнама мен жасалған келісімшарт талаптарына қайшы келетін.

Кәсіпкер жағдай туралы прокуратураның мобильді тобына хабарлағаннан кейін, жүргізілген тексеру оның талаптарының негізді екенін көрсетті.

Қостанай қаласының прокуроры тиісті ұсыныс енгізіп, жер қатынастары бөлімі келісімшарттарды қайта қарады. Соның нәтижесінде инвесторға кәсіп ашуға арналған жер учаскесін тегін пайдалану құқығы берілді.

Бұл шаралар инвестордың заңды құқықтарын қалпына келтіруге және жобаны іске асыруға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.