Қостанай облысының үздік спортшылары мен жаттықтырушылары марапатталды

Қостанай облысының үздік спортшылары мен жаттықтырушылары марапатталды

Қостанайлық спортшылар үшін өткен жыл табыссыз болған жоқ. Оған сан додада топ жарып, байрақты бәсекеде тайсалмай сынға түскен саңлақтардың жетістігі дәлел.     

Қаладағы Жастар сарайында өткен салтанатты рәсімге спорт саласының майталмандары жиналды. Үздіктерді анықтауда олардың жыл бойына жеткен жетістіктері ескерілді. Жеңімпаздар “Үздік спортшы”, “Үздік жаттықтырушы” және “Қостанай облысында спортты дамытуға қосқан үлесі үшін” сынды үш аталым бойынша таңдалды.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев биыл осы салаға 13 млрд 700 млн теңге бөлінгенін атап өтті.

– Бұқаралық спортты дамыту еліміздің әлеуметтік дамуының басым бағыттарының бірі. Ел Президенті Қасым–Жомарт Тоқаев халықтың барлық жастар арасында бұқаралық дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін жағдай жасау қажеттігін үнемі айтып келеді. Қостанай облысының барлық өңірінде спорттық инфрақұрылымды дамыту жақсы қарқын алды. Былтырғы жылы облыс өңірінде 10 спорт айдыны, 50 метрлік жүзу бассейні, теннис корты, 4 хоккей корты және 23 спорт алаңы салынды. Оған 6 млрд 700 млн теңге жұмсалды. Ал, “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы аясында өңірлерде 7 кешен салу жоспарда тұр. – деді құттықтау сөзінде ол.

Үш аталым бойынша 15 спортшы мен жаттықтырушы және 14 білім ордасы, мекеме, спорт ұйымдары сахна төрінен көрінді.

Жүлделі болғандар қатарында Берік Таласов та бар. Ол қазақ күресінен ҚР спорт шебері. Жиырма жылдан астам уақыта осы салада тер төгіп келеді.

– Өткен жылы қазақ күресінен ардагерлер арасында өткен ҚР Спартакиадасының чемпионатында бас жүлде алдым. Спорт шеберлері арасында өткен дзюдо күресінен күміс жүлдегері атандым. Шәкірт дайындап, сан додаға қосып жүрмін. Алтынсарин ауданынан 2008-2009 жылғы жасөспірімдер арасында өткен самбодан екі чемпион шығардым. Өзімнің шәкіртім Данияр Қарпықов бүгінде 14 жыл болды, Арқалық қаласында жаттықтырушы, – дейді ардагер спортшы.

Талғат осы жолғы алған марапатпен тоқмейілсіп қалмақ емес, ол грэпплинг күресінен тамыз айында Польшада өтетін жарысқа дайындық үстінде.

– Ең алдымен жаттықтырушым Ержан Қабидуллиновке алғыс айтамын. Өткен жылы біз үшін жетістіктер аз болған жоқ. Бахрейнде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатының чемпионы атандым. Ақтау қаласында болған жекпе-жек самбодан Азия кубогының жеңімпазы атандым. Жауынгерлік смбодан, грэпплинг белбеу күресінен, джиу-джитсудан ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Алда жарыстар көп, дайындықты бәсеңдетуге болмайды. Астанада жауынгерлік самбодан Азия чемпионаты болады, соған қатысамын, – дейді спортшы Талғат Жиентаев.

Облыстық Полиция Департаментінің қызметшілерінің де спорттағы жетістігі елеп-ескерілді. Марапат департаменттің жедел қимылдау арнайы жасағының командиріне табысталды.

– Біздің жігіттер спорттың әр түрінен топ жарып жүр. Азия, Қазақстан чемпионаттарынан жүлдесіз оралған кезіміз болған жоқ. Бұдан бөлек, ұлттық ойын – көкпардан арнайы команда жасақталған, – дейді самбодан спорт шебері Жәнібек Мұхаметжанов.

Қаланың білім беру ұйымдарының арасынан дараланып, салауатты өмір салтын белсенді насихаттаған №17 орта мектебі марапатталды.

– Мектеп жеңіл атлетикадан оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастыруда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебімен бірлесіп жұмыс атқардық. Оқушыларымыз жыл бойына әр спорт түрінен жарыстарға қатысып, мектеп қоржынына жүлде салды. Бұл қаржыға спортқа қажетті заттарды сатып алатын боламыз, – дейді мектеп директоры Ханзада Шынболатова.

Жүлде алған спортшылар 300 мың теңге иеленсе, жаттықтырушылары 150 мың теңге алды. Ал, өңірдегі спортты дамытуға қосқан үлесі үшін мекемелерге 100 мың теңгеден берілді.

 

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.   

Жаңалықтармен бөлісу