23 июня, 2025
Қостанай облысының үздік оқушылары IQanat олимпиадасының финалына жол тартты

Қостанай облысының үздік оқушылары IQanat олимпиадасының финалына жол тартты

Қостанай облысының барлық 17 ауданынан іріктелген 44 дарынды сегізінші сынып оқушысы республикалық IQanat олимпиадасының финалдық кезеңіне қатысу үшін Қостанай-Алматы бағытындағы кешкі пойызбен жолға шықты.
IQanat – ауыл мектебінде оқитын балаларға арналған, еліміздегі ең ірі әлеуметтік-білім беру жобаларының бірі. Олимпиаданың басты мақсаты – ауылдағы талантты оқушыларды анықтап, оларға сапалы білімге жол ашу. Жыл сайын өтетін бұл білім сайысына 50 мыңнан астам оқушы қатысып, олардың ең үздіктері финалға жолдама алады.

Финалдық кезең Алматы қаласында өтеді. 19 маусымда «Медеу» спорт кешенінде жеңімпаздарды марапаттау салтанаты ұйымдастырылады. Байқау барысында қатысушылардың логикалық, сыни ойлау қабілеті, математикалық сауаттылығы, ағылшын тілі және таңдау пәні бойынша білімдері тексеріледі.

Финал қорытындысы бойынша 100 үздік оқушы IQanat High School of Burabay мектебіне толық грантпен қабылданады. Бұл – халықаралық стандарттарға сай, Бурабай ұлттық паркінің аумағында орналасқан заманауи білім ордасы.

Ал мектепке түспеген 900 финалист үшін үш жылдық тегін білім беру және қолдау бағдарламасы ұйымдастырылады. Бұл бағдарлама аясында ҰБТ, ағылшын тілі, ІТ, кәсіпкерлік дағдылары бойынша дайындық жүргізіледі.
Қостанай ауданы Айсары жалпы білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Таңатқан Дильназ бұл олимпиаданы өзінің даму жолындағы маңызды баспалдақ деп бағалап отыр.

«iQanat мен үшін тек білім сайысы емес, өзімді дамытуға үлкен мүмкіндік болды. Бұл байқау жайлы алғаш ұстаздарымнан естіп, қызығушылықпен қатысуға бел будым. Дайындықты ерте бастап, пәндік білімімді Қанағат Қанатұлының курсы мен IQ Peak курсы арқылы жетілдірдім. Ағылшын тілінен Intensive English бағдарламасы көмектесті.Мені алға жетелеген — арманым, ата-анам мен ұстаздарымның сенімі болды. Қиын сәттерде «Мен қолымнан келеді!» деген сеніммен алға ұмтылдым.Нәтижесінде, бұл олимпиада маған табандылықты, еңбекқорлықты әрі өз-өзіме сенуді үйретті. Бұл жол мен үшін шынайы шабыт көзіне айналды. IQanat – ауыл баласының үлкен арманға апарар жолы!», – деп қуанышымен бөлісті.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ