Қостанай облысының экономикалық жаңғыруында тау-металлургия кешенінің орны ерекше

Қостанай облысының экономикалық жаңғыруында тау-металлургия кешенінің орны ерекше

Бұл тақырып аймақтың дамуы үшін айрықша маңызды. Себебі тау-металлургия кешені Қостанай облысының индустриялық потенциалының өзегін құрайды, экспорттық әлеуетінің негізгі бөлігін қамтамасыз етеді және экономикалық жаңғырудың қарқыны мен сапасына тікелей әсер етеді.

Бүгінде әлемдегі тау-металлургия кешені жаңа кезеңге қадам басып жатыр. Металлдарға сұраныс тек дәстүрлі салаларға емес, сонымен бірге жасыл энергетика, электр көліктері және батарея өндірісіне байланысты өсуде.

Логистикалық және геосаяси өзгерістер нарықты құбылмалы етсе, Қытай мен Үндістанның рөлі бұрынғыдан да күшейді. Сонымен бірге компаниялар өндіріске экология талаптарын күшейтіп, көміртек шығарындыларын азайтатын технологияларды енгізуде.

Цифрландыру, автоматтандыру және жаңа технологиялар бүкіл саланы жаңартып, тиімділікті арттырып отыр.

Бұл жаһандық үрдістер Қостанай облысының тау-металлургия кешеніне де тікелей ықпал ететіні анық.

Соңғы жылдары Қостанай облысының экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды.

2025 жылғы облыс бюджеті 686,6 млрд теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 55,4%-ға артты. Оның ішінде өз кірістері 234,8 млрд теңгеге жетіп, 50,9% өсім көрсетті.

Экономикалық белсенділіктің артуы еңбек өнімділігінің де жоғарылауына әсер етіп, 2022–2024 жылдары ол 28%-ға өсті. Өңірдің жалпы өңірлік өнімі осы кезеңде 18,8%-ға ұлғайып, 2024 жылы 5 трлн теңгеден асты. Жыл сайын облыста орта есеппен 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып отыр, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 22,2 мыңды құрады.

Қостанай облысының өнеркәсіптік әлеуеті жылдан жылға нығайып келеді. Аймақта бүгінде 924 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 24 ірі, 41 орта, және 859 шағын кәсіпорын бар. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда өсіп, аймақтың индустриялық базасының кеңейіп жатқанын көрсетеді.

2022–2024 жылдар аралығында жалпы өнеркәсіп өндірісі 18%-ға өсті, оның көлемі 2,47 трлн теңгеден 2,913 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай серпін көрсетіп, осы кезеңде 28%-ға артты: 1,607 трлн теңгеден 2,056 трлн теңгеге жетті.

Өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіптегі үлесі соңғы жылдары 67,8%-дан 72,6%-ға дейін өсіп, 2024 жылы 70,6% деңгейінде қалыптасты. Бұл аймақта қайта өңделген өнім көлемінің артып, жоғары қосылған құнды өндірістердің нығайып келе жатқанын білдіреді.

Өңдеу саласының құрылымында машина жасау ерекше қарқынмен дамуда. Оның үлесі 48,3%-дан 57,9%-ға дейін өсті. Бұл Қостанай облысының өнеркәсіптік құрылымында технологиялық жаңғырту мен индустриялық тереңдетудің нақты нәтижесін көрсетеді.

 

Дархан Ахметов,

PhD докторы, қауымдастырылған профессор, М. Дулатов атындағы ҚИнЭУ әлеуметтік-экономикалық пәндер кафедрасының меңгерушісі.