Қостанай облысының әкімі өңір басшыларын сынға алды

Қостанай облысының әкімі өңір басшыларын сынға алды

Көп салада өсім байқалады. Бірақ жақсы табысқа қол жеткізу үшін әлі де қарқын қоса түсу қажет. Оның үстіне, жыл басынан бері жылжысы байқалмай отырған өңірлерге тағылар мін көп. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиында өңірдің 1-тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері талқыланды.

Алғашқы төрт айдың қорытындысына жүгінсек, өңірдің мактрэкономикалық дамуы оң серпінге ие. Жыл басынан бері өңдеу өнеркәсіптері 618 млрд теңгенің өнімін өндірген. Машина жасау, кондитер, ет, сүт, ұн өндірісі айтарлықтай еселене түсіпті.

            «Өнім өндірісінде Қарасу, Денисов, Қамысты, Федоров, Қарабалық және Әулиекөл аудандары жақсы нәтиже көрсетті. Керісінше, Бейімбет Майлин және Жанкелдин аудандары көш соңында келеді. Ауыл шаруашылығы саласында Сарыкөл және Қарасу өңірлерінің қарқыны баяулаған», – дейді облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Бекбаева.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы көрсеткіштер әзірге толымсыз. Биыл 5,5 млн тоннадан кем астық жиналмауы керек. 90 мың тоннадан артық ет, 420 мың тонна сүт өндіріліп, мал басы саны көбейтілуі тиіс. Сондай-ақ, жоспардағы 55 инвестижоба жүзеге асырылып, 600 жаңа жұмыс орны құрылуы қажет.

Жыл басталғалы облыс жкономикасына 102 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл жөнінен Арқалық, Қарасу, Жітіқара, Әулиекөл және Науырзым өңірлері алда келеді. Тізім соңында Б.Майлин, Меңдіқара аудандары мен Рудный, Лисаков қалалары тұр. Құрылыс саласында да елеулі өсім бар.

            «1-тоқсанда облыста 113,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғыдан әлдеқайда жоғары. Амангелді, Б.Майлин және Қарасу аудандары көш бастап тұр. Ал Жанкелдин және Арқалық өңірлері нашар көрсеткішке ие. Алтынсарин және Науырзым аудандары жыл басынан бері мүлдем құрылыс жұмыстарын жүргізбеген», – дейді А.Бекбаева.

Жалпы, Жангелдин ауданы әкіміне осы жиында аз сын айтылған жоқ. Себебі көптеген бағытта тұралау байқалады. Мәселен, бұл өңірде көтерме сауда көрсеткіші мүлдем жоқ. Басқа да маңызды жеті бағыттың төртеуінен сүрініп отыр. Осыған байланысты облыс әкімі аталған ауданның әкімі Шота Оспановтың баяндамасын тыңдады. Қ.Ақсақалов Торғай өңіріндегі инвестиция тарту жағы ақсап, қайта өңдеу секторы кенжелеп тұрғанын сынға алды.

            «Өңірде қайта өңдеу саласына жататын шағын және орта бизнес кәсіпорындары жоқ. Шота Сәбитбекұлы, сіздің осы лауазымды атқарып жатқаныңызға 6 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында ауданның салық түсімі сіз келгендегі деңгейден көтерілмеген. Өндіріс көлемінің төмендеуі, инвестицияның тартылмауы облыстық көрсеткішке кері әсерін тигізіп қана қоймай, экономикалық өсімді тежеп, халықтың тұрмыс деңгейін нашарлатады. Жұмысты дұрыстап қолға алыңыз», – деді облы әкімі.

Аймақ басшысы Науырзым ауданының әкімі Қайрат Әбішевке де көптеген олқылықтың орнын толтыру үшін, әсіресе, құрылыс жұмыстарын жандандыру үшін жұмыс істеу керегін ескертті.

            «Сіз 2021 жылдың мамыр айынан бастап әкімсіз. 2022 жылда бері осы бағытта өзіңізді көрсететіндей толық мүмкіндік болды, – деді облыс әкімі. – 2 жыл ішінде сіздің өңірде бірде-бір инвестжоба іске аспаған, жаңа кәсіпорындар құрылмаған, бірде-бір тұрғын үй салынбаған. Кәсіпкерлер өз мамандарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсртуға құлықсыз».

  Қ.Ақсақалов барлық өңір басшыларына Президент тапсырмасын орындау үшін болашағы бар салаларға инвестиция тартудың ауадай қажет екенін, жаңа кәсіпорындар салып, салық салынатын базаны ұлғайту керегін айтты.

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу