Соңғы жылдары Қазақстанда, әсіресе, интернет-алаяқтық саласында, қылмыстар санының өсуі байқалады. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы өңірде 1823 адам алаяқтықтың құрбаны болды. Олардың 778-і ер адам, 1045-і әйел адам. Жәбірленушілер арасында 2 кәмелетке толмаған бала және 203 зейнеткер бар.
Алаяқтық қылмыстарының ең көп тіркелген аймақтары:
Қостанай – 1084 жағдай,
Рудный – 256,
Қостанай ауданы – 87,
Жітіқара ауданы – 54,
Лисаковск – 52.
Интернет-алаяқтық – ең кең таралған қылмыс түрі
2024 жылы интернет-ресурстарды пайдалану арқылы жасалған алаяқтықтың 1271 жағдайы тіркелді. Бұл барлық алаяқтықтың 70,2%-ын құрайды. Мұндай қылмыстардан келген жалпы шығын 2 миллиард теңгеге жетті, алайда бұл соманың тек 2,7%-ын ғана қайтару мүмкін болды.
Кең таралған алаяқтық схемалары:
Жалған интернет-дүкендер мен хабарландырулар – алаяқтар фейк сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшалар жасап, тауарларды төмен бағамен ұсынады. Тапсырыс беріп, алдын ала төлем жасаған соң, сатушылар із-түзсіз жоғалады.
Фишинг – алаяқтар белгілі бір ұйымдардың, соның ішінде мемлекеттік органдардың атынан хабарлама немесе электрондық хат жіберіп, азаматтардың жеке мәліметтерін алуға тырысады.
QR-кодты пайдалану арқылы алаяқтық (квишинг) – қаскөйлер қоғамдық орындарда жалған QR-кодтарды орналастырып, пайдаланушыларды фейк сайттарға бағыттайды немесе зиянды бағдарламаларды орнатуға мәжбүрлейді.
Курьерлік жеткізілім арқылы алдау – алаяқтар белгісіз сәлемдеме немесе гүл шоғын жіберіп, кейін курьерлік қызметтің атынан хабарласып, жеткізілімді растау үшін SMS-кодты сұрайды. Осылайша, олар азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізеді.
Алаяқтардан қорғану үшін:
Онлайн сатып алулар кезінде сақ болыңыз, сатушының сенімділігін тексеріңіз және күмәнді сайттарға алдын ала төлем жасамаңыз.
Хабарламалардағы немесе электрондық хаттардағы күдікті сілтемелерге өтпеңіз, әсіресе жеке деректерді енгізуді талап етсе.
SMS-кодтар мен құпия ақпаратты ешкімге хабарламаңыз, тіпті банк немесе мемлекеттік қызмет өкілі болып сөйлессе де.
Күрделі құпиясөздерді қолданыңыз, оларды жүйелі түрде жаңартып, құрылғыларыңыздың қауіпсіздік жаңартуларын орнатыңыз.
Хабардарлықты арттыру және сақтық шараларын сақтау – алаяқтардың құрбаны болу қаупін төмендетуге көмектеседі.
ҚР Бас прокуратурасы
Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің
Қостанай облысы бойынша департаменті