Қостанай облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол таңбаларын салу және жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Онымен «КАЖсервис» ЖШС мамандары айналысу үстінде. Мақсат – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасау.
Биылғы жол маусымы басталғалы облыстың жол пайдалану бөлімшелері 1427 шақырым бойлық және көлденең жол таңбасын сызды. Жұмыстар көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде, елді мекендердің маңында, жаяу жүргіншілер өткелдерінде, жол қиылыстарында және жол қозғалысына қатысушылардан ерекше мұқияттылықты талап ететін өзге де орындарда жүргізілуде.
Сапалы жол таңбасы – жол қозғалысын ұйымдастырудың маңызды элементтерінің бірі. Ол жүргізушілерге жолда дұрыс бағдар алуға, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға және қозғалыс бағытын дұрыс таңдауға көмектеседі. Әсіресе, қараңғы уақытта және қолайсыз ауа райы жағдайында оның анық көрінуі аса маңызды.
Жол таңбаларын жаңарту жұмыстары облыстың барлық ауданында жалғасуда. Құрылыс маусымы аяқталғанға дейін «КАЖсервис» ЖШС мамандары тағы шамамен 1000 шақырым жолға таңба салуды жоспарлап отыр. Бұл республикалық маңызы бар автожолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
«КАЖсервис» ЖШС жүргізушілерді жолда мұқият болуға, жол белгілері мен жол таңбаларының талаптарын сақтауға, сондай-ақ белгіленген жылдамдық режимін қатаң ұстануға шақырады.
