Беделді Reuters басылымының сайтында World Impact Media Organization халықаралық ұйымының талдамалық есебі жарияланды. Онда Қазақстан экономикасының барған сайын тұрақты әрі әртараптандырылған сипат алып келе жатқаны атап өтілген.
Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканың баяулауы, нарықтардағы құбылмалылық және инвестициялар үшін бәсекелестіктің күшеюі жағдайында Қазақстан оң даму қарқынын сақтап келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өссе, 2026 жылдың алғашқы бес айында экономика өсімі 3,7%-ды құрады.
Өсім бірқатар негізгі салаларды қамтыды: құрылыс – 13,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 9%-ға, көлік және қоймалау – 8,4%-ға, сауда – 5,6%-ға өсті.
Есепте еліміздің инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанына да ерекше назар аударылады. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 20,5 млрд АҚШ долларына жетсе, greenfield инвестицияларының көлемі 19 млрд АҚШ долларын құрап, Орталық Азиядағы осындай инвестициялардың жалпы көлемінің шамамен 89%-ын қамтамасыз етті.
World Impact Media Organization бағалауынша, Қазақстан бүгінде тек шикізат ресурстарына ғана емес, сондай-ақ инвестицияларға, өнеркәсіпке, логистикаға, ауыл шаруашылығына және заманауи қызмет көрсету салаларына да арқа сүйейтін экономика қалыптастырып келеді. Бұл өз кезегінде елдің халықаралық бизнес үшін сенімді әрі болжамды әріптес және өңірлік көшбасшы ретіндегі ұстанымын нығайта түсуде.
