Қостанай облысында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау басталады

Қостанай облысында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау басталады

2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында Business.enbek.kz порталында 2026 жылдың бірінші легі аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға өтінімдер қабылданады.
Қайтарымсыз гранттар әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға конкурстық негізде 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі мөлшерде беріледі. Грант көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген АЕК мөлшеріне сәйкес айқындалады.
Конкурсқа тіркелген жұмыссыз азаматтар, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады.

Үміткер төмендегі санаттардың біріне жатуы тиіс:
мүгедектігі бар адам; қандас;
өңіраралық қоныс аударушы;
атаулы әлеуметтік көмек алушы; көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы алушы және (немесе) оның жұбайы;
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам және (немесе) оның жұбайы;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушы.

Конкурсқа қатысудың міндетті шарттарының бірі – өтінім берілген күнге дейінгі соңғы үш жыл ішінде алынған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуды аяқтағаны туралы сертификаттың болуы.

Өтінімдер Business.enbek.kz порталы арқылы электрондық форматта қабылданады. Қатысу үшін порталға тіркеліп, өтінішті толтыру, бизнес-жоспарды қоса тіркеу және құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қою қажет.

Үміткерлерді іріктеу ұсынылған бизнес-жобалар негізінде конкурстық комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Өтінімдерді қарау барысында бизнес-идеяның өміршеңдігі мен келешегі, жобаның қаржылық негізділігі және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті бағаланады.

Гранттар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 272 бұйрығымен бекітілген Кәсіпкерлік бастаманы қолдау шараларын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес беріледі.

Гранттар бір рет қана ұсынылады және оларды жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қажетті құрал-жабдықтарды, еңбек құралдарын, жануарларды, құстарды, көшеттерді, тұқымдарды, отырғызу материалдарын сатып алуға, сондай-ақ коммерциялық үй-жайларды жалдау ақысын төлеуге пайдалануға болады.

Грант қаражатын тұтынушылық мақсаттарға, несиелерді өтеуге, тұрғын үйді сатып алуға немесе салуға, жер учаскелерін алуға және акцизделетін өнім өндіруге жұмсауға болмайды.

Грант алушылар қаражатты алған күннен бастап үш ай ішінде оның мақсатты пайдаланылғанын растауға, сондай-ақ 24 ай бойы тоқсан сайын портал арқылы бизнес-жобаны іске асыру туралы есептер тапсыруға міндетті.

Бұдан бөлек, грант иегері грант алған күннен бастап 18 ай ішінде кемінде бір тұрақты жұмыс орнын құрып, мансап орталығының жолдамасымен келген жұмыс іздеушіні жұмысқа орналастыруы тиіс.

2023–2025 жылдары Қостанай облысында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға жалпы сомасы 870,8 млн теңгеге 593 грант берілді. Қолдау азық-түлік өндірісі, тұрмыстық қызмет көрсету, техника жөндеу, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру, сұлулық пен денсаулық салалары және шағын бизнестің басқа да бағыттарындағы жобаларға көрсетілді.

Толық ақпарат алу үшін облыс тұрғындары тұрғылықты жері бойынша Мансап орталықтарына жүгіне алады.

Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы