Қостанай облысында зардап шеккендерге өтемақы төлеу жалғасып жатыр

Қостанай облысында зардап шеккендерге өтемақы төлеу жалғасып жатыр

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Әлеуметтік қорғау желісі арқылы 50 АЕК немесе 184 600 теңге әлеуметтік көмек көрсетіледі. Көмек алу үшін әкімдікке немесе ауылдық округ әкіміне залалды растайтын құжаттарды тіркей отырып (мысалы, ТЖ органдарының анықтамасымен), өтініш жазу қажет.

Егер жылжымайтын мүлікке (үй, ғимарат), жылжымалы мүлікке (көлік, ауыл шаруашылығы техникасы және т.б.), малға және т.б. зиян келтірілсе, зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен төлемақы төленеді. Бұл үшін жергілікті әкімдіктерге өтінішпен жүгініп, жоғалған мүліктің тізімін және меншік құқығын растайтын құжаттарды қоса беру керек, мал басы үшін АШЖБ жүйесінде тіркеу (ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру) қажет. Шығын мөлшерін жергілікті атқарушы органдар тарапынан тартылған тәуелсіз бағалаушылар анықтайды.

Сонымен қатар бюджет қаражатынан бөлек, алаңдаушылық білдірген азаматтар мен кәсіпкерлердің ерікті демеушілік қаражаты арқылы көмек көрсету жоспарланып отыр.

Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, әлеуметтік көмек алуға Аманкелді, Жанкелдин аудандары мен Арқалық қаласынан 250-ге жуық адам өтініш білдірген. Оның ішінде 174 адамға жалпы сомасы 33 млн теңге төленді. Сондай-ақ 314 адамға бюджеттен тыс қорлар есебінен 31,4 млн теңгеге көмек көрсетілді. Қазіргі таңда шығынды өтеу туралы 43 өтініш қаралып, жоғалған мүлікке баға берілуде.

Бұл ретте, әлеуметтік көмек тек бастапқы төлем екенін ескеру маңызды. Жоғалған мүлік бағаланғаннан кейін қосымша төлем төлеу жоспарланып отыр.

Жаңалықтармен бөлісу