Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Астана қаласында өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемінің өсуі машина жасау өндірісін 41% – ға, дайын металл бұйымдарын 12,2% – ға, тамақ өнімдерін 17,3% – ға, сусындар өндірісін 13,6% – ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Жеңіл және жүк автомобильдерінің, тракторлардың, комбайндардың, кондитерлік өнімдердің, май, ет, сүт, шұжы қөнімдері мен ұн өндірісі ұлғайды.
Сондай-ақ, өңір басшысы Қазақстанның барлық автомобильдерінің 61%-ы Қостанайда өндірілетінін айтты.
“Өңірде шығарылатын жеңіл автомобиль модельдерінің желісі үнемі кеңейіп келеді. Айта кету керек, республикада өндірілген барлық автокөлік құралдарының 61% – ы біздің кәсіпорындардың конвейерлерінен шығып жатыр. Осы жылдың басынан бері 35 мыңнан астам автокөлік құрастырылды, оның 7,1 мыңы экспортқа жіберілді”, – деді Қ.Ақсақалов.
Бүгінгі таңда өңірде машина жасау саласында жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС қуаттылығы жылына 30 мың бірлік, құны 23,4 млрд теңге болатын «Chevrolet Оnix» автокөліктерін шағын тораптық өндіру жобасы бойынша белсенді жұмыс істейді. Ол 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
“Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін инвесторларды қолдаудың өндірістік, көліктік және сервистік инфрақұрылымы жетілдірілу үстінде. Қостанай қаласының Индустриялық аймағында жобалардың ауқымы мен технологиялық параметрлерін ескере отырып, коммуникацияларды жүргізу бөлігінде әрбір инвесторға жеке көзқарас қолданылады”, – деді облыс әкімі.