Әлеуметтік жобаларға бөлінген қаржы желге ұшып жатыр

Әлеуметтік жобаларға бөлінген қаржы желге ұшып жатыр

Өңірде  мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс төңірегінде  біраз мәселе туындап отыр.

«Биыл 8 салалық басқарма және 20 аудан-қала әкімдіктері құны 1,1 млрд теңге болатын 306 жобаны жүзеге асыруы тиіс болған. 15 тамыздағы жағдай бойынша, 261 жоба іске асырылу сатысында. Басқалары келісім-шарттың аяқталуына 4 ай қалғанына қарамастан, бөлінген қаржының игерілмеуі ықтималдығын тудырып отыр. Мәселен, маусым аяқталып қалса да, Алтынсарин ауданында «Жасыл Ел» еңбек жасағын ұйымдастыру жөніндегі конкурстар әлі жүргізіліп жатыр. Мұндай жағдай, Арқалық, Рудный, Қостанай қалаларын қоспағанда, барлық өңірге тән болып отыр», – дейді басқарма басшысы.

Мұның сыртында, бөлінген қомақты қаржыға дөңгелек үстел, семинар, акция, конференция секілді бір реттік елеусіз іс-шараларды өткізу науқаны да тыйылмай келеді. М.Жұрқабаевтың айтуынша, әлеуметтік жобаға жұмсалуға тиісті қаражатты желге ұшыруға тыйым салынуы қажет.

                   «Осы мәселелерді назарға ала келе, құрметті Құмар Іргебайұлы, аудан-қала әкімдіктеріне Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобаларын іске асыру барысын бақылауға алуды, әлеуметтік жобаларды қысқа мерзімде аяқтауды, бір реттік жобалардан бас тартуды міндеттеуіңізді сұраймын», – деп түйіндеді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, ол қыркүйек айында әр өңірде 2024 жыл тапсырыстарының тақырыптарын талқылау басталуы керек екенін ескерте өтті.

«Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау дегеніміздің мәнісі неде? Әлбетте, бірінші кезекте азаматтық белсенділіктің артуына жағдай тудыру. Ал жоғарыда аталған мәселелер туындамау үшін, олардың шешімін табуы үшін бақылауды күшейту керек. Бөлінген қаржы игерусіз қалмауы, мақсатсыз жұмсалмауы тиіс», – деді облыс әкімі.

Жандос ЖҮСІПБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу