Қостанай облысында 70 азамат жеке басын куәландыратын құжат алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.Жыл басынан бері облыс аумағында азаматтың жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген 70 азамат куәлік алды. Бұл жұмыс ішкі істер министрлігі мен БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары кеңсесінің бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылды.
7 қыркүйекте Қостанай облысы ПД көші-қон қызметінің мамандары Қазақстанның халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының филиалымен бірлесіп, азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын азаматтарды қабылдады.
Қазақстан Республикасының азаматтығына не азаматтығы жоқ адамның мәртебесіне тиесілігін айқындау рәсімі әрбір азаматқа жеке көзқарасты талап етеді. Азаматтардың алдында тұрған негізгі проблема – шет мемлекеттің уәкілетті мемлекеттік органдарынан құжаттарды талап ету.
Азаматтарды қабылдау шеңберінде Өзбекстан Республикасына, Қытайға, Ресей Федерациясына сұраныстарды бастау үшін құжаттарды дайындау бойынша бірлескен жұмыс жүргізілді. Аталған санат бойынша барлығы 10 азамат жүгінді. Сонымен қатар “Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру Қостанай қалалық орталығының” әлеуметтік қызметкері көші-қон қызметінің қызметкерлеріне ризашылықтарын білдіріп, мамандарға кәсібилігі және азаматтарды құжаттандыруда көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.
Қазақстан Республикасының аумағында азаматтардың құқықтық мәртебесін айқындауға байланысты мәселелер – Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының басым бағыттарының бірі.