Қостанай облысына жұмыс сапарымен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов келді. Министр аймаққа сапары барысында Қостанай гарнизонын аралап, облыстағы қалалар мен аудандардың Төтенше жағдайлар бөлімдеріне заманауи үлгідегі арнайы техникалардың кілтін табыстады. Бұл – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі нақты әрі маңызды қадам.

«Бүгін сіздермен жүздесу мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапты міндет. Министрлік қызметіне кіріскен күннен бастап, өңірлерді аралап, материалдық-техникалық база мен тұрмыстық жағдайлармен танысып келемін. Арнайы техникалар мен құрал-жабдықтардың тозғанын, өзгерістердің қажет екенін анық көріп отырмыз. Бірақ мен еліміздің әр өңіріндегі құтқарушылардың жоғары дайындықпен, шынайы ықыласпен қызмет етіп жүргеніне көз жеткіздім. Енді біздің міндетіміз – сол еңбектеріңізге лайық жағдай жасау», – деді министр Шыңғыс Әрінов.
Министрдің айтуынша, құтқарушылардың жұмысын әлемдік стандарттарға сай ету – алға қойылған нақты мақсат. Соған сәйкес, жаңа техникалар мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, қызметтік киімдерді жаңарту, әлеуметтік жағдайды жақсарту бойынша жүйелі өзгерістер қолға алынған. Оның бір көрінісі ретінде Қостанай облысына берілген жаңа өрт сөндіру техникасы аталды.

Салтанатты жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойымен құтқарушыларды құттықтай келе, олардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.

«Елбасы атап өткендей: «Құтқарушы болу – әрқашан тәуекелге барып, өзгелердің өмірі үшін жоғары жауапкершілікті көтеру». Бұл – тынымсыз еңбек пен кәсіби шеберліктің, адам өміріне деген шексіз жауапкершіліктің көрінісі. Қостанай облысында Төтенше жағдайлар департаментінің инфрақұрылымын дамытуға соңғы екі жылда 2,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде облыстық және аудандық бөлімшелердің ғимараттары жөнделіп, 50-ге жуық заманауи техника сатып алынды, – деді облыс басшысы.
Бұл техникалардың арқасында іздестіру-құтқару және өрт сөндіру жұмыстарының сапасы мен жылдамдығы айтарлықтай артқан. Өңірдегі құтқару станциясы мен арнайы батальонның да техникалық әлеуеті едәуір нығайған.
Осындай техникаға қол жеткізге ұйымдардың бірі Арқалық қалалық төтенше жағдайлар бөлімі. Жүгізушісі Айдос Жарастың қуанышында шек жоқ.

«Осы жерде қызмет етіп келе жатқаныма үш жылдан асты. Бұрын көлігіміз ескі болатын. Әсіресе қыста көп қиындық көретінбіз. Қар қалың түсетін Арқалық аумағында техниканың сапасы шешуші рөл ойнайды. Енді жаңа техника келіп, сол қиындықтар артта қалды деп сенемін. Бұл көліктер заманауи талаптарға сай. Құтқару жұмыстарына мол септігі тиері сөзсіз, – дейді ол.
Иә, Арқалық – Сарыарқаның батыс даласын алып жатқан, аумағы кең өңір. Қыстың қытымыр, қарлы күндерінде елді мекендер арасындағы қатынас қиындай түсетіні белгілі. Мұндай жағдайда техниканың қуатты және сенімді болуы – адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі.

Министр мен облыс әкімінің айтуынша, алдағы уақытта да төтенше жағдайлар жүйесін жаңғырту, материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары жалғасын табады. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, құтқарушылардың әлеуметтік жағдайы, еңбек ақысы, кәсіби біліктілігін арттыру – басты назарда.
Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы қарсаңында атқарылған бұл жұмыстар – еліміздің қауіпсіздігі жолындағы маңызды әрі нақты істердің көрінісі. Құтқарушылар әрдайым қауіп-қатерге қарсы тұрып, адам өмірі үшін күрестің алдыңғы шебінде тұрады. Олардың қажырлы еңбегі мен ерлігі – құрметке лайық.
Сапар барысында Шыңғыс Әрінов Қостанай мен Рудный қалаларындағы қауіпсіздік бағытындағы бірқатар стратегиялық нысандарды аралап, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандармен де танысты.

Жаңадан бой көтеріп жатқан инфрақұрылым – болашақта өңірдің төтенше жағдайларға дайындығын арттыратын маңызды қадамдардың бірі.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
