Қостанай ауданының жастары тазалық акциясына шықты

Қостанай ауданының жастары тазалық акциясына шықты

Қостанай ауданының жастары «Таза Қазақстан» республикалық кең ауқымды  бағдарламасына белсенді қатысып жатыр. Таяуда олар Тобыл қаласының көшелерін тазалауға шықты. Бірлікті іске білек сыбана кіріскен студенттер қауымы қап-қап қоқыс-қалдық жинады.

Қостанай ауыл шаруашылығы колледжінің студенттері экологиялық акцияға кезекті рет атсалысты. Мақсат – Тобыл қаласының аумағын тазарту. Жастар бір сағат көлемінде рұқсат етілмеген күресіндерден он-ондаған қап қоқыс жинады. Бұл қалтарыстарды қала тазалығына селсоқ қарайтын тұрғындар қасақана қоқтық алаңына айналдырған. Жиылған қоқыстың көбі полиэтилен пакеттер, пластик заттар және құрылыс, тұрмыс қалдықтары.       Бұл аумақтар кездейсоқ таңдалмады. Учаске қала орталығында орналасқан, оның айналасында білім беру және денсаулық сақтау нысандары бар. Тобыл қаласы әкімдігінің бас маманы Темірхан Арғымбаевтың айтуынша, мұндай рұқсат етілмеген полигондарды анықтау олардың негізгі міндеттеріне кіреді, ал басты шаруа – оларды уақытылы жою.

            «Бүгін бізге Қостанай ауыл шаруашылығы колледжінің экобелсенділері көмектесті. Олар қаламыздың экологиясына бейжай қарамайтынын аңғартты, – дейді Темірхан Арғымбаев. – Барлық жиналған қоқысты полигонға апарып төгеміз. Осы тұрғыда тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарау және қоқысты арнаулы орындар мен контейнерлерге тастауды әдетке айналдыруға шақырғым келеді».

Айта кету керек, Қостанай ауыл шаруашылығы колледжінің студенттері мұндай экоакцияларға бірінші рет қатысып отырған жоқ. 2П6 тобының шебері Алмагүл Абаева колледж басшылығы студенттердің көмегі қажет болған кезде үнемі қолдауға әзір тұратынын алға тартты.

«Акцияның басты мақсаты – жастардың бойында экологиялықмәдениеттіқалыптастыру,-дейді Алмагүл Қожахметқызы. – Өскелең ұрпақтың табиғатты аялауы, оның сақталуына қамқорлық жасауы зор маңызға ие. Менің ойымша, біз тізе біріктіріп, керемет жұмыс істедік. Тазалық-тәртіпке деген мәдениетті сақтай отырып, қаласын, ауылын, ауласын күл-қоқыстан таза ұстау – әр тұрғынның міндеті.

Елімізде TazaQazBot телеграм-чат-боты белсенді жұмыс сітейтін ескерте кетейік. Бұл сервиске қоршаған ортаға бейжай қарамайтын тұрғындар кез келген уақытта жүгініп, тазалық мәселесі бойынша хабарлама жолдай алады.

Жаңалықтармен бөлісу