Қостанайда «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында облыстағы жетекші техникалық оқу орындарының бірі — Қостанай автомобиль көлігі колледжінде ауқымды баспасөз туры өтті. Шара барысында қонақтар колледждің заманауи білім беру жүйесімен, оқу-өндірістік орталықтарымен және табысты түлектерімен танысты.
Колледждің басты ерекшелігі – практикаға бағытталған оқыту. Білім беру процесі WorldSkills халықаралық стандарттары негізінде ұйымдастырылып, студенттер заманауи өндірістік жабдықтарда тәжірибе жинақтайды. Мұнда машина жасау саласына қажетті құзыреттерге баса назар аударылады.

Баспасөз туры бағдарламасы аясында қатысушылар колледждің Құзыреттер орталығы мен оқу шеберханаларын аралап көрді. Атап айтқанда, ALLUR зауытымен бірлескен құзыреттер орталығы, автокөлікті диагностикалау, монтаж-демонтаж, токарлық және автомобиль электр жабдықтары шеберханалары таныстырылды.

Сонымен қатар, колледж директоры білім беру мекемесінің даму стратегиясы мен әлеуметтік серіктестермен өзара байланыс бағытындағы жұмыстар туралы айтып берді. Тур аясында студенттердің кәсіби шеберліктері көрсетіліп, «СарыаркаАвтоПром» ЖШС кәсіпорнына экскурсия ұйымдастырылды.
Баспасөз турының жарқын сәттерінің бірі – республикалық «ТОП-100 үздік студент» жобасының жеңімпазы, колледж түлегі Серікбай Дәулетпен кездесу болды. Ол арнайы сұхбатында:
«Бұл оқу орнында теориядан гөрі практикаға басымдық беріледі. Осылайша жұмыс табу жеңілдейді. Алдағы уақытта осы колледжде ұстаз болып қалғым келеді», – деп пікір білдірді.
Бүгінде колледжде 15 мамандық пен біліктілік бойынша 1500 студент білім алады. Оқу орнында әлемдік брендтердің жабдықтарымен жабдықталған 10-нан астам оқу-өндірістік орталықтар жұмыс істейді. Колледж ірі машина жасау кәсіпорындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, студенттерге оқу кезінде жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынады.
Сонымен қатар, оқу орнының халықаралық серіктестік бағытындағы жұмысы да қарқынды. Соңғы жылдары «KIA Kazakhstan» ЖШС, ENFURT Bildungszentrum (Германия) және Korean TVET University and College Association ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Айдана МАРАТ
