Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атап өтті.
Кешегі облыс әкімдігінде өткен алқалы отырыста осы мәселе жан-жақты талқыланды. Жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов жыл соңына дейін сумен қамту жоспарын орындау үшін жобаларды уақытылы әрі мінсіз аяқтауды тапсырды.
Президент тапсырмасына сәйкес, ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамту – біздің ауданымыз үшін де аса маңызды міндет. Осыған орай, Қамысты ауданында тиімді, үнемді және заманауи тәсілдерді қолдану арқылы инфрақұрылымды кезең-кезеңмен жаңғырту жұмыстары қолға алынуда. Соның жарқын мысалы – Клочково ауылында су құбыры жүйесін санация әдісімен жөндеу жобасының сәтті іске асуы.
Бұл жоба – ауданда алғаш рет қолданылған тәжірибе. Жалпы құны 60,1 млн теңге болатын бұл жоба аясында 4,4 км құбыр жаңартылып, 18 жаңа құдық орнатылды, 42 құдыққа жөндеу жүргізілді, жаңа автоматты су беру жүйесі мен 2 насос қойылды, 15 текше метрлік су резервуары салынды.
Кейбір көшелердегі тұрақты тұрғындары жоқ аймақтардағы құбырлар ажыратылып, қызмет көрсету шығындары мен ресурстарды мақсатсыз пайдалану тәуекелдері азайтылды. Яғни, ақшаны тиімді пайдаланудың, нақты нәтижеге жұмыс істеудің үлгісі.
Бүгінде Клочково ауылында 210 тұрғын бар, бұл өткен жылдармен салыстырғанда азайғанымен, халыққа сапалы да қолжетімді қызмет көрсету тоқтамайды. Біздің ауылдарды дамытудағы басты ұстанымымыз. Әрбір тұрғын – назарда.
Жалпы, Қамысты ауданында ауыз сумен қамту көрсеткіші бүгінде 98%-ға жетті. 2024 жылдың басында бұл көрсеткіш 89,8% еді. Көрсеткіш Бестөбе және Адаев ауылдарында 1,9 млрд теңгеге салынған су жүйесінің арқасында мүмкін болды.
Алдағы жылы Қарабатыр ауылында су құбыры жүйесін салу жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жоба дайын, сараптама қорытындысы бар, ендігі мақсат – тиісті қаржы көзін реттеу.
Басты міндетіміз Президент Жолдауында айтылғандай, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту арқылы азаматтардың күнделікті өмір сапасын арттыру. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыс істейміз және әр жобаның артында нақты нәтиже, нақты адам тағдыры тұрғанын жақсы түсінеміз.
Ерлан ЖАУЛЫБАЕВ,
Қамысты ауданының әкімі
