Соңғы жылдары Денисов ауданының халық саны мен мал басы төмендеп кеткен. Жүк көлігімен полигонға дейін қоқыс жеткізу 25 мың теңге. Ауылға екі жыл бұрын ғана жер астымен төселген су құбыры қыста қатып қалады, зардабын тұрғындар көріп отыр.
Ауылға кіреберіс және ішкі жолдар сын көтермейді. Интернетті айтпағанда, ұялы байланыс өте нашар. Ауыл жұртының облыс әкіміне жазған арызы айналып келіп аудан әкімдігіне оралған. Аудан мен елді мекен әкімдері жергілікті маңызы бар мәселелерді шешіп беруге құлық танытпайды. Бір сөзбен айтқанда, билік пен халықтың арасында байланыс жоқ. Ал Қамысты елінде Алтынсарин – Орқаш – Аралкөлді жалғайтын 110 шақырым жолды жөндеу қашан басталады?
Кезінде атағы алысқа кеткен Орқаш тұзының қоры 11 млн м3, сол жердегі тұщы су қоры жүз жылға жетеді, оны игеріп, пайдаға жарату мүмкін бе? Тіпті, Орқаш қарбызын қайта егуге не кедергі? Ал, Арқа ауылының инфрақұрылымы жақсарар күн алыс па, мәдениет үйі мен балалар алаңы қашан бой көтереді? Аудан халқының үштен бірін құрап отырған бір сызықтың бойындағы Ливанов – Қарабатыр – Арқа елді мекендеріне газ тарту да өзекті мәселе.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Денисов және Қамысты аудандарына іссапармен барып, осындай түйткілдерді жұртшылықтың аузынан естіді. Халықпен жүздесіп, арыз-шағымдарын, өтініш-тілектерін тыңдады. Тиісті ведомство басшыларына ауыл халқының мәселесін оң шешуіне тапсырмалар жүктеді.
Аймақ жетекшісі сондай-ақ шаруашылықтардың көктемгі егіс науқанына әзірлігімен танысты.
Түйемойнақ пен Қамысты өңірлерінің тыныс-тіршілігі жөнінде газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.