Қонайда құрылысы созбаққа түскен мектеп үшінші тоқсанда пайдалануға беріледі

Қонайда құрылысы созбаққа түскен мектеп үшінші тоқсанда пайдалануға беріледі

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қонай шағын ауданының тұрғындарымен кездесті. Өңір басшысы аудандағы құрылыс жұмыстары аяқталып біткенше ай сайын кездесуге келіп тұруға уәде еткен болатын. Өткен айда берілген тапсырмалардың едәуірі орындалғанына көз жеткізді. Тұрғындар да жасалған жұмысты растап отыр.

                Осы жолы адамдар газбен жабдықтау, абаттандыру және техникалық жабдықтар мәселесімен бірге мектеп құрылысының қашан аяқталатынын сұрады. Көгілдір отын мәселесін ескі Қонайдан да келіп көтерген азаматтар болды. Олардың айтуынша, газ тартылады дегенді естіген адамдар пештерін бұзып тастаған көрінеді.

– Газ қашан тартылады? Көмір алар-алмасымызды білмей отырмыз. Кейбір адамдар пештерін бұзып, газға ыңғайлап отыр, – деді тұрғын.

Қала әкімі Марат Жүндібаев көгілдір отын жыл соңына дейін тартылатынын жеткізді.

– Газды жыл соңына дейін жеткізуге тырысамыз. Отынмен жағылатын пештеріңізді бұзып тастамаңыздар. Өйткені, аяқ-астынан мәселе туындап қалуы мүмкін, – деді қала әкімі.

Қоғамдық көлік мәселесі де өзекті болып отыр. Тұрғындар автобустардың аздығын айтып, тағы бірнеше автобус қосуын сұрады. Құмар Ақсақалов мәселені бір жетінің ішінде шешуді тапсырды.

– Қоғамдық көлік мәселесін шешуге бір апта уақыт беремін. Қажет болса бірнеше автобус шығарыңдар. Тек жаңа автобустар жүретін болсын, – деді облыс әкімі.

Аяқталып бітпеген тұрғын үйлердің болашақ тұрғындары да қашан қоныстанатынын білгілері келді.

– Құрылыс жүріп жатыр. Үйіміздің ішіне кіріп көргіміз келеді. Бірақ,  құрылысшылар ішінен тектеп алыпты. Қашан қоныстананамыз? Өз пәтерімізде тұрғымыз келеді, жалдай-жалдай шаршадық, – деді тұрғын.

Құрылысшылар тұрғын үйде ішкі жұмыстарды атқарғандықтан есікті іштен жауып алады. Оның себебін мердігер түсіндірді.

– Құрылысшылар түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Басқа себебі жоқ. Ішке еніп көргілеріңіз келсе ешқандай кедергі жоқ. Маған айтсаңыздар болғаны. Сыртқы жұмысы аяқталды. Ендң ішті бітірсеу қалды, – деді “Ақтөбе Сәулет” ЖШС аймақтық директоры.

Қала әкімі бұл мердігермен бір тұрғын үйді салуға байланысты келісім-шарт бұзылғанын айтты. Ол үйдің құрылысын жергілікті мердігер жалғастыруда.

– Мердігер әркез қаржы мәселесіне тап болады. Біз бір үйдің құрылысы бойынша келісім-шартты бұздық. Енді бұл мердігерде бес тұрғын үйді аяқтау қалып отыр. Егер құрылыс қарқынын бәсеңдететін болса, тағы да келісім-шартты бұзамыз, – деді Марат Жүндібаев.

Салынған тұрғын үйлердің терезелері шытынап кетуде. Тұрғындар шынысын ауыстырып беруін сұрады. Мердігер терезелердің кепілдігі бар екенін айтып, шыныларды жуық арада ауыстыруға кірсетінін жеткізді.

Өңір басшысы келер айда да кездесуге баруды жоспарлап отыр. Туындаған мәселеге түсіністікпен қарап отырған тұрғындарға алғысын білдірді.

– Мәселе көп еді. Қазір біразының шешілгенін көріп отырмыз. Басында көп жағдай өзімізге де түсініксіз еді. Енді жұмыс істеу бағытын айқындадық. Рет-ретімен бәрі болады. Мектеп құрылысына да жер анықталды. Мұғалімдер табамыз. Үшінші тоқсанда мектепті пайдалауға береміз. Сондай-ақ, “Жайлы мектеп” жобасы бойныша тағы бір мектеп осы ауданда салынады. Ойымша екі мектеп жеткілікті. Жол мәселесіне қатысты ақпаратты естідіңіздер.  Қаржы бөлінген, кедергі жоқ. Жарықтандыру мәселелесі де оң шешімін тауып отыр. Ешқандай көше жарықсыз қалмайды. Бірқатар тапсырма берілді. Алдағы айда келгенде, нәтижесін байқайтын боламыз, – деді өңір басшысы.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу