Қонай ауылына қызылсу жайыла бастады

Қонай ауылына қызылсу жайыла бастады

Қарғын су Қостанайдың іргесіндегі елді мекендердің тұрғындарының мазасын ала бастады. Рудный қаласынан кіре берістегі Қонай ауылына су жайылды. Ондағы Тасбұлақ көшесінің тұрғындарын таңертеңнен бері әбігерге салып жатыр.
Рая Үдербаева осы көшеде жиырма бес жыл тұрады.

Бұл мәселе жылда қайталанғанымен, биылғы судың екпіні ерекше екенін айтып отыр.

«Суағар дұрыс жасалмаған. Жылда қайталанып, жағдай биыл тіптен ушықты. Біздің көшені толық шайып кетті. Көршілеріміз балаларын мектепке апара алмай отыр», – дейді ол.

  

Су таңертең келе бастаған. Түскі сағат 2-лерде ағыс күшейіп, осы Тасбұлақ көшесінің бойымен ауылға қарай ағып жатыр.


Тұрғындардың айтуынша, бұл су жылда қыр жақтағы Элеватор, Дархан саяжайларынан келіп, ауылдың ішіне кіреді.

«Осы саяжайды алғаныма екі жыл болды. Басқарма жағдайды ретке келтіруге уәде берумен ғана келеді», – дейді біз барған саяжайдың иесі Алексей.

Саяжайдың тұрғындар шоғырланған оңтүстік бағытын кешіп бару – қияметті шаруа.
Жолда бара жатқан бұрылыстағы көлшік әзірге жіби қоймаған.

Бір-екі күнде ол да еріп, маңайға қауіп төндіргелі тұр.

Жаңалықтармен бөлісу