Қой жүнінен тыңайтқыш ойлап тапты

Қой жүнінен тыңайтқыш ойлап тапты

Қостанайлық жастар малдың сүйек-саяғын кәдеге жаратудың жолын тапты. Оған қоса қой жүнінен тыңайтқыш ойлап шығарды.

Осындай қызықты идеялар жуырда ҚИиЭУ-де өткен агро-хакатонда көпшілік назарына ұсынылды

«Инновациялар. Тұрақтылық. Болашақ» атты хакатонды «Ауыл» партиясы «Acapedia Kazakhstan Limited» компаниясымен бірлесе Қазақстанның 20 өңірінде, бір уақытта ұйымдастырды.

blank blank blank blank

Партияның Қостанай өңірлік филиалында болған іріктеу кезеңінде 11 жоба қорғалды. Студенттер ұсынған инновациялық жобалардың бәрі өзекті тақырыпты қаузады. Мысалы, ҚИнЭУ-дің 4-курс студенті Нұралы Ожан қой жүнінен тыңайтқыш ойлап тапқандарын айтты.

«Елімізде жыл сайын тонналаған қой жүні қоқысқа тасталады. Кейде өртеп жібереміз. Ауыл шаруашылық саласы әлі күнге химиялық тыңайтқыштарға мұқтаж. Осы мәселелерді зерделей келе, шешу жолын іздедік. Нәтижесінде қой жүнінен бірегей тыңайтқыш ойлап таптық. Өнім – жүнді ашыту арқылы алынған сұйық концентрат. Бұл дегеніміз топырақта экологиялық қоректік заттардың сақталуын қамтамасыз етудің қарапайым және тиімді жолы», – деді Нұралы Ожан.

Идея авторларының айтуынша, аталған тыңайтқыш қызанақ, қырыққабат, құлпынай және гүл өсіруге таптырмас зат.

Құрамында кератин, азот (N), күкірт (S) және амин қышқылдары сияқты төрт элемент бар. Қазақстанда дәл бұған ұқсас өнім жоқ. Алайда шетелде, АҚШ, Моңғолия және Австрияда қой жүнінен жасалған сертификатталған өнімдер бар көрінеді.

«Жобаның ғылыми артықшылығы – топырақ ылғалдылығын жақсартып, өнімділікті арттырады. Біздің бизнес тегін шикізатты кәдеге жаратуды көздейді. Себебі, ауылда жиірек қой қырқиды. Оның жүнін сатады немесе қоқысқа лақтырып жібереді. Мен өзім ауылда өстім. Достармен ойнап жүргенде, өзенге түсуге барғанда қой жүнінің көрінген жерде үйіліп, керексіз болып жатқанын көретінбіз. Біз сол жүнді қабылдап, тыңайтқыш жасауды ұсынамыз», – деді Нұралы Ожан.

Жас өнертапқыштар аталған өнімді жасап көріп, тәжірибеден де өткізген. Нұралы Ожан үйіндегі солып бара жатқан гүлге қолданып, екі аптадан соң тыңайтқыштың арқасында өсімдіктің бойында тіршілік нәрі пайда болғанын байқаған. Жаңа өнімді университет зертханасына да табыстапты.

 «Тақырып өте қызық және пікірталас тудыратын тұстары бар. Мысалы, сіздер соңғы слайдта жүнді қалдық деп жазыпсыздар. Жүн ешқашан қалдық болған емес. Ол стратегиялық шикізат. Жүннен жасалған 1 шаршы метрлік мата 5 немесе 10 фунт немесе 20 доллар тұрады. Жүнді өндірістің негізгі шикізат көзі ретінде қарастыру қажет. Бұл менің ұсынысым», – деген қазылар алқасының мүшесі, «Азимут» ЖШС директоры, техника ғылымдарының кандидаты, «Ауыл» партиясының Қостанай өңірлік саяси кеңесінің мүшесі Валентин Хаданович жаңа өнімге патент алуға кеңес берді.

Қазылар алқасының назарын аударған тағы бір жоба – сүйек қалдықтарын өңдеу жобасы мен шағын жедел-жәрдем қызметі. Даниил есімді студент PulseGo – шағын жедел-жәрдем қызметін таныстырды.

«Менің анам ауыр дертке шалдыққан. Кез-келген сәтте оның жағдайы нәшарлап кетуі мүмкін. Сондай сәттердің бірінде үйге жедел-жәрдем шақырдық. Медициналық көмек жарты сағаттан соң ғана келді. Сол аралықта анама алғашқы көмек көрсететін ешкім табылмады. Әр минут құнды екенін білесіздер. Жедел-жәрдем қызметтері шақырған жерге неге кешігіп келеді? Себебі, бригадаларда көлік аз. Науқастардың бәріне дер кезінде көмек көрсетуге үлгермейді. Біз бұл мәселені шешу үшін – алғашқы көмек көрсететін такси-көлігін ойлап таптық. Адам талып қалса, кенеттен қызуы көтерілсе мобильді қосымша арқылы диспетчерге хабарласады. Қоңырау шалған жерге жақын маңда тұрған көлік, медицина қызметкері мен фельдшерді сол сәтте алып барады. Дәстүрлі жедел-жәрдем қызметіне қарағанда біз ұсынып отырған такси-көліктің жету уақыты 3-4 есеге жылдам», – деді жоба авторы Даниил.

Хакатон қатысушыларының әрқайсысына жобаларын қорғауға 10 минуттан берілді. Одан кейінгі 5 минут сұрақ-жауапқа арналды Ұсынылған жобаларды «Азимут» ЖШС директоры, техника ғылымдарының кандидаты, «Ауыл» партиясының Қостанай өңірлік саяси кеңесінің мүшесі Валентин Хаданович, «Александровское» ЖШС директоры Андрей Двуреченский, «Ауыл» партиясы Қостанай өңірлік филиалының төрағасы, «ННН-2005+В» ЖШС директоры Нүркелген Өтеулин сияқты білікті мамандардан құралған комиссия мүшелері бағалады. Байқау қорытындысында: ҚИнЭУ кәсіпкерлік колледжі студенттерінің «Вторая жизнь» сүйек қалдықтарынан өнім жасау» жобасы 1-орын, «WoolGrow – қой жүнінен тыңайтқыш» жобасы 2-орын, PulsGo – пульс қозғалыстан да жылдам» жобасы 3-орын алды.

blankblank blank blank

«Жобаларға қызығушылық танытатын және оны іске асыруға қолдау білдіретін демеушілердің табылатынына сенімдімін. Себебі өте жақсы жобалар ұсынылды. Әсересе, жүн өндірісі, нан өндірісіне қатысты ойлар өзекті. Құрметті студенттер, сіздерге оқуда озат болуларыңызды тілеймін. Еліміз өркендеп, ауылдарымыз гүлдене берсін», – деді «Ауыл» партиясы Қостанай өңірлік филиалының төрағасы Нүркелген Өтеулин.

Байқаудың іріктеу кезеңінде 1-орынға ие болған жоба 24-қазанда Астанада өтетін республикалық хакатонға қатыспақ.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Айдана МАРАТ