Қостанайдағы “Қоғамдық келісім”мекемесінде дәстүрлі діни конфессиялардың жетекшілері бас қосты. Қатысушылар “Конфессияаралық келісім – ұлттық бірлік принциптерінің бірі” тақырыбында пікір алмасты. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап этносаралық және конфессияаралық келісімге баса мән берді. Өйткені, бірлік болмай, тірлік болмайды. Бейбітшіліктің де, берекенің де бастауы – бірлік. Қоғамда өзара келісім мен түсіністік орнаған сәтте ғана ел ынтымағы нығая түседі. Елордамыз Астана қаласының әлемдік дін лидерлерінің келіссөз алаңына айналуы да тегін емес. Қазақстандық келісім моделі әлем елдеріне үлгі болғаны анық.
– Конфессияаралық келісім – Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікті қажет ететін қастерлі құндылық. Еліміздің дін саласындағы саясаты халықтың бірлігін, тыныштығын сақтауды көздейді, – деді Қостанай облысындағы “Қоғамдық келісім” мекемесінің басшысы Наталья Рамазанова.
Дөңгелек үстелге Астана қаласындағы “Қоғамдық келісім” республикалық мекемесі директорының орынбасары Нұрлан Шубаев онлайн режимде қатысып, тақырып төңірегінде пікір білдірді.
– Елімізде конфессияаралық келісімнің бірегей механизмі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Бүгінде әртүрлі этнос өкілдері Ассамблея жанында өздерінің ана тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін оқып, үйреніп, өзара түсіністікте өмір сүруде. Ассамблея азаматтық мүдделерді қалыптастыру мен қорғауда, қоғамды біріктіруде аса маңызды институтқа айналғанын атап өткен жөн. Біздің еліміздегі этносаралық жағдайды тұрақты деп айтуға болады. Ассамблеяның этно-мәдени құрылымдары ынтымақ пен бірлікті сақтаудағы ортақ істе өзінің үлесін қосуда, – деді Нұрлан Шубаев.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ