Қазыналы тұлғалардан тағылым

Қазыналы тұлғалардан тағылым

Жітіқарада аға буын ақындар мен өскелең ұрпақ арасындағы сабақтастықтың ізгі нышанындай келелі жиын өтті. Абыз ақсақал, ақын, жырау, майдангер Қасымхан Алдабергенов, елге танымал ақындар – Серікбай Оспанұлы мен Ақылбек Шаяхмет оқушылармен,  мектеп ұжымымен кездесіп, жас тыңдармандарын жыр-өлеңмен сусындатып, рухани әңгіме қозғады.

«Ақын – елдің ардағы» атты әдеби кеш Жітіқара өңірінің төл перзенттері – Қасымхан атамыз бен Ақылбек ағамыздың шығармашылығына арналды. Сондай-ақ әйгілі ақын Серікбай Оспанұлы да кездесуге арнайы шақырылған. Жітіқараның 95 жылдығы аясында аудан орталығындағы №3 мектепте өткен тағылымды жиынға  аудан әкімі Нұржан Өтегенов, оқушылар және мектеп ұжымы қатысты.

            «Ардақты ақындарымыздың арнайы келіп отырғаны біз үшін зор ғанибет. Біздің өлке дарынды тұлғалардан кенде емес. Ізбасарлары да қаулап өсіп келеді. Жітіқара жерінде он жылдан артық кітапхана жанында «Самғау» клубы қызмет етеді. Бұл клубтың сөз өнеріне жақын қырық шақты мүшесі бар. Олардың үштен бірі – оқушылар мен студенттер. Мінекей, бүгінгі іс-шараға ақын ағаларын ардақ тұтып, іздерін жалғауға ниет етіп жүрген жастар қатысып отыр. Осы кездесуден кейінгі буын рухани азық алатынына кәміл сенімдіміз», – деді аудан әкімі кездесудің шымылдық ашар сөзінде.

Бұдан соң сөз тізгіні кездесу меймандарына ұсынылды. Өресі өр, танымы терең, кеудесі қазыналы қариялар, елдің арқа тұтар ағалары кең көсіле сөйледі. Тоқсанның тоғызына шыққан сүйегі асыл ақсақал Қасымхан атамыз өскелең буынға ұлтжандылық, отансүйгіштік турасында, өлкенің тарих-шежіресі жайында әңгіме қозғап, оларды өнерге, білімге құлаш ұруға шақырды.

            «Жітіқара қойнауы құтты, топырағы құнарлы, талай ғаламат тұлғаға бесік болған өлке. Ендеше, өздеріңдей көкөрім жастардың осал болуы мүмкін емес. Әрдайым ата жолын жалғауларыңа тілектеспін. Тәңірден ұрпақтың болашағы жарқын болуын үнемі сұрап отырамын. Оқу-білімді, өнер, ілімді жандарыңа серік еткейсіңдер!» -деді қадірменді қария.

Ал арқалы ақын, алашқа аты мәшһүр қаламгер, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхмет сөз басын тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге туралы ой-толғаммен бастады. Ата-ана тағылымының бала болашағына деген ықпалы зор болатынын әңгіме етті.

             «Мен мұғалімдер отбасында тәрбиелендім. Мектеп директоры да, ұстазы да әкем болды. Тоғыз бала тәрбиелеген анам сол мектептің еденін жуды, пешін жақты. Сол кісі анкетасында өзін «үй шаруасындағы әйел» деп жазады. Шын мәнінде, үй шаруасындағы әйел емес, нағыз тәлімгер болатын. Бізді тәрбиелеп өсірді, әкемізге қолғанат, қамқоршы адам еді. 5-сыныпта оқып жүргенімде әкемнен: «Әке, құдай бар ма, жоқ па?» деп сұрағаным бар. Сонда әкемнің: «Құдай бар деп айтайын десем, «қайдан көрдің?» дегендерге қалай жауап беремін? Жоқ дейін десем, ертең жоқ деген Алла алдымнан шыққанда не деймін?» дегені есімде қалыпты. Сондықтан құдай адамның кеудесінде болса, санасында халыққа деген мейірім, ел-жұртына деген қайырым болса, одан асқан мақсат-мұрат жоқ қой деп, бала кезімнен сол тағылымды жадыма түйіп өстім», – деді Ақылбек ағамыз.

Бұдан ары оқушылар да белсенділік танытып, меймандарға кезектесіп сұрақтар қойды. Мәселен, балдырғандардың бірі ортаға алғашқы болып шығып, Серікбай Оспанұлынан балалық шағы туралы әңгімелеп беруін сұрады.

            «Мен 1945 жылы туғанмын. Анау қанқұйлы, сұрапыл соғысты қойдырған – мен! Сіздердің де дүниеге келулеріңізге мен себепкермін, өйткені мен болмасам бейбіт өмір басымызға туар ма еді? Балалық дәуренім жаман өткен жоқ. Қазір жақсы заманда өмір сүріп жатқан сендер менен де бақыттысыңдар, барлық нығмет, жақсылық өздеріңнің қолдарыңда», – деп әзіл-шынын араластырып жауап берді.

Басқа да оқушыларды аға-аталарының балалық шағы қалай өткені, шығармашылық жолға қалай түскені, жас шағында кім болуды армандағаны көбірек қызықтырды. Меймандардың қай-қайсысы да әрбір сұраққа ерекше ықыласпен жауап беріп, өткен шаққа сапар шекті. Тырнақалды өлеңдерін естерінде оралтты. Балалар да ақындардың таңдаулы өлеңдерін кезектесіп оқып берді. Олардың сөздеріне жазылған әсем әндер шырқалды. Әлбетте, авторлардың өздері де жырдан шашу шашып, сырлы өлеңдерімен кішкентай көрермендерін сусындатты.  Адамгершілік, ізгілік, өмірсүйгіштік секілді игі қасиеттерге үндейтін туындыларын тарту етті. Қасымхан атамыз «Көкте Жетіқарақшы, жерде Жітіқарасың» деп, туған жеріне деген ыстық махаббатын паш етсе, Серікбай ағамыз әйгілі «Бес саусақ» атты өлеңімен тыңдармандарының жанын жылытты. Ал Ақылбек ағамыз «Қазақ қызы», «Базардан қайтып келе жатқандағы ой» аталатын тәрбиелік мәні терең өлеңдерін жалындата оқып, көптің қошеметіне бөленді. Азулы ақындар балаларға ақ тілектерін айтып, баталарын берді. Тіпті, кездесу үстінде Серікбай ағамыздың шабыты шалықтап, суырып салып өлең оқып берді.

«Жітіқара, бастасын саған жол үнемі,

Аман болсын есіктегі, төрдегі.

Болашаққа бәрі жіті қарасын,

Бақыт болсын көргені!» – деп, алғаусыз тілегін табан астында төрт жолға сыйдырып жіберді.

«Самғау» ақындық клубының жас мүшелерінің шығармашылығына да кезек берілді. Бірі өзінің түбітқанат туындыларын тарту етсе, енді бірі танымал ақындардың өлең-жырларын мәнерлеп оқыды. Кездесудің шарықтау шегінде «Жырлар басталатын өлке» атты жинақтың тұсаукесер рәсімі жасалды. Алтыншы данасы басылып шығып отырған кітапқа жергілікті қаламгерлердің, жас дарындардың шығармалары топтастырылған. Қалың оқырманға жол тартқалы отырған жинақтың таспасын қию құрметі Қасымхан ақсақал мен жас ақын Сүлеймен Назаровқа ұсынылды.  «Талай кітапқа жүк болатын жыр-өлең жазатын жастар көбейе түссін, менің жасымды да, жолымды да берсін!» – деп ақ тілегін айтты қария. Бұдан соң Кітапханашылар күні қарсаңында қажырлы қызметімен көзге түсіп жүрген бірнеше маман марапатталды. Сондай-ақ, келелі кездесудің басты меймандарына да сыйлықтар тару етілді. Осы рәсімдерден кейін де ұйымдастырушылар мен көрермендер ақындардың тағы да өлең-жыр оқып беруін сұрап, кеш көрігі қыза түсті. Жалынды жырлар, арынды өлеңдер, ой-толғамдарды көпшілік ұйып тыңдап, құрмет-қошеметтерін көрсетті. Жиын соңында жастар мен мектеп ұжымы, жалпы көрермендер ақындармен естелік суретке түсті.

Жандос ЖҮСІПБЕК

Суреттерді түсірген  Бағдат АХМЕТБЕКОВ

 

Жаңалықтармен бөлісу